18 наурыздан бастап отандық «Ел арна» арнасы жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Қазір арнаның жиілігінде тәулік бойы жаңалық тарататын 24.kz арнасы іске қосулы. 2014 жылдың 18 наурызынан бастап 24.kz жаңалықтар арнасы Қазақстан шекарасының 98,8 пайызын қамтитын болады деп хабарлайды «Хабар» Агенттігі» АҚ. Бұған дейін 24.kz арнасы кабельді және спутниктік теледидарлар желісінде болып, халықтың 37 пайызын қамтып келген. Қазір бұл желіде арна тәулік бойы жұмыс істеп, ал «Ел арна» жиілігінде 24.kz тәулігіне 16 сағат хабар тарататын болады.
«Ел арна» 2000 жылы ашылған болатын. 2008 жылдан бастап форматы өзгеріп, арнаның контенті жастар аудиториясына бағытталды. Арнаның жабылуы туралы сыбыстар 2014 жылдың қаңтар айында пайда бола бастады. Кейін экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев арнаның жабылатындығы жайлы ақпаратты растап, арнаға жыл сайын бөлінетін екі миллиард теңге 24.kz арнасының корпунктерінің ашылуына және екі жаңа фильмнің түсіріліміне жұмсалатындығын айтты. Сонымен қатар, «Ел арна» рейтинг көрсеткіші бойынша бөлінетін екі миллиардтан 300 миллион теңге ғана табады, деп қосты Досаев.
Арнаның бұрынғы директоры Айгүл Мүкей әлеуметтік желідегі парақшасында «Ел арнаның» құрылуы жайлы сөз қозғады. «Арнаның 2000 жылы болған ашылуын жаңалықтар тілшісі ретінде жадымда сақтаппын, Республика Алаңы, 13-үйдің ғимараты шатырынан жасалған секіру бұл керемет перформанс болды. Қазақ тілінде хабар тарататын жаңа мемлекеттік арна ашылып, санада жарылыс жасағандай, барлық стереотипті талқандағандай болды. Мен «Ел арнаға» 2009 жылы келдім. Қазақ әуенін, әзілді, костюмдерді - бәрін ұсақ-түйегіне дейін біз жастарға ыңғайлы, креативті, түсінікті формаға ауыстырдық. Біздің арнамыздың әрқашан ел жетекшілігінің ұдайы бақылауында болғанын жасырмаймын. 2008 жылдың басында-ақ Президент арнаның базасында жастарға арналған сауықтық әрі спорттық арна ашуды ұсынған болатын. Біз жастарға арналған «Әсел, оның достары және құрбылары» ситкомын, «Шіркін лайф» тұңғыш реалити-думанын, «Саз әлемі» музыкалық байқауын, «Қазақ аруы», «Миссис Қазақстан» бірлескен байқауларын түсірдік. (...) Оптимизация деген дұрыс, бюджет ақшасын үнемдеу – қажет, бірақ бұл ақшаға көркем фильм түсіру? Түсінбеймін...», - деді арнаның экс-басшысы.
Ал арнаның таралуы кезінде басшылық қызметте болған Серік Абас-шах әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп мәлімдеме жасады: «Ел арнаның» өндіріске бөлетін қаржы көлемі туралы нақты цифрлерді аша алмаймын. Бірақ, тұспалдап жеткізе аламын: тым аз едi... Мемлекеттік арналар ішінде «ЕЛ арнаның» сатып алатын өнімдерге бөлінетін қаржысы «Білім және Мәдениеттен» де, тіпті «Балапаннан» да төмен. Ал «Хабар» мен «Қазақстан» сияқты азулы арналарымен салыстырмай ақ қояйын... Ең дөрекі мысал: 2013 жылы «Ел арнаның» ішкі өнімі бойынша бірде бір жобаға жаңа декорация жасалынбапты. Не деген таусылмайтын үнем?! Осыны түсінбей кететін болдым...»
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың қазан айындағы Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір-бірінің көшірмесіне ұқсап кеткен мемлекеттік БАҚ-та тәртіп орнатуды міндеттеді. «(...) Арналарды қарасаң – ешқандай контент жоқ, таба алмадым. Жануарлар әлемі мен қайдағы бір тарихи фильмдерді көрсетеді. Болды. Әр каналда қаншама қызметкер жұмыс істейді, ал шығармашылық жоқ. CaspioNet қазір «Kazakh TV» деп аталады, тағы 24KZ деген арна қосылды. Қазақстан мен әлемге хабар тарататын екеуі бір арна емес пе?» - деді ол.
Сурет: elarna.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина