- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Досыңа көшіруге рұқсат...
Досыңа көшіруге рұқсат беру керек пе, жоқ па?
Сыныптасыңа, топтасыңа, жалпы досыңа бақылау жауаптарын көшіруге рұқсат беру керек пе, жоқ па? Әрқайсымыз бір кездері оқушы болдық және өмірімізде бір рет болсын осы мәселе төңірегінде ойландық. Шешімді де әркім өз бетінше қабылдағанымен оқушылар үшін бұл әрдайым көкейде жүрген сауал. Біз бүгін өмірде өз орнын тапқан, белді азаматтардың осы мәселе төңірегінде пікірін білмек болдық. Досыңа көшіруге рұқсат беру керек пе, жоқ па? Әділдікті қалау қаншалықты дұрыс?
Қайсар Қауымбек, ақын
Осындай қарапайым нәрселерден үлкен дүниелер шығады шынымен де. Қызық, ә? Меніңше, беру керек. "Жоқ, бермеу керек, өзі жазсын, сен бүгін көшіреуге берсең, ертең ол басқаларға иек сүйеп алатын болады" – дейтін сонау мектеп кезіндегі қатып қалған жасанды қағидаға күлкің келеді. Шешуші сәтке келгенде достығың, жанашырлығың бәрін басып кетеді. Бәрібір көшіреуге бересің. Бірақ өзіңнің де келесі сабақта ісің түседі. Мүмкін, дәл осы сабақта қыры жоқ досыңның өзге де таланттары бар шығар. Бір ғана көшіру-көшірмеумен болашақты белгілеп тастайтын дүниеден аулақпыз ғой біз секілділер. Білмеймін енді, әйтеуір досым маған көшіреуге бермесе, ол келесі әдебиет пәнінде бітті деген сөз. (Күлді)
Ерғали Бақаш, журналист
Жоқ. Олай істеу дұрыс емес деп есептеймін. Әркім өз қарым-қабілетімен жауап беру керек. Студент кезде жиған білім адам өмірінің болашақтағы айнасы іспеттес болу керек. Білмегенді үйренуге, сұрауға болады, бірақ көшіруге болмайды.
Бақытгүл Салықова, «Bilim Media Group» жоба үйлестірушісі
Бақылау жұмысы, тест жұмыстарын оқушы (студент) өз бетінше орындау керек, біреудің көмегіне жүгіну немесе көшіріп алу оның білімін, дағдысын көрсетпейді. Әр адам өзіне жауап беруі керек, және ешкімге кедергі келтірмеуі керек. Бір бірінен көшіріп алу үшін бақылау жұмысын өткізетін болса, оның мәні де жоқ қой. Әр нәрсенің өзінің талаптары бар, соған сай орындалуы керек. Көзбояушылық, өтірік айту (істеу) жақсы қасиет емес.
Динара Болат, психолог, журналист
Үнемі көшіруге бейім сыныптасыңа көмектескенің, оның талаптануына кедергісін тигізеді. Ал білім алуға ынтасы жоғары сыныптасың белгілі себептермен бүгінгі бақылау жұмысына әзір болмаса, оны осы ретте демеп жіберген абзал!
Бейбіт Сарыбай, жазушы
Рұқсат беру керек. Неге бермеске? Бермесең ол құлайды. Егер көшіруге бермей қойғаннан оқып кететін болса, ондай бермей қоюға болады. Бірақ олай емес қой. Білмей тұрған сәттерімде талай көшіргем кластасымнан.
Өмір Шыныбекұлы, тарих пәнінің мұғалімі
Кез келген "көшіру" дегеніміз, ол плагиат, яғни өзгенің еңбегін малдану екенін бәріңіз білесіз. Оны заң да құптамайды. Өмір деген бәсекеден тұрады, ал кез келген бәсеке адал да әділ жүруі тиіс! Мысалы, білім гранттарының саны шектеулі! Егер, біреу ҰБТ сынағынан басқа біреудің көмегі арқылы өтсе, одан гөрі білімділеу азамат өте алмай қалды деген сөз! Менің өз шәкірттерім ҰБТ тапсырып жатқан кезде де маған хабарласа алмайды. Себебі, мен оларды солай тәрбиелеймін. Ал жай уақытта білмегенін күні-түні, тіпті телефонмен, агентпен сұраса да жауап беремін!
Болатбек Мұхтаров, журналист
Көз алдыңызға кеңестік дәуір мектебіндегі ең белсенді озат оқушы әрі қатаң старостаны елестетіңізші. Тәртіпті сүйетін, әділеттілік қағидаларын берік ұстанатын, жүрегі анау-мынау қылтың-сылтыңға жібімейтін. Мен сондай болдым. Ешкімге үй тапсырмасының дайын жауабын көрсетпейтін. Физика мен математикадан есептерді, бақылауды менен артық ешкім дұрыс орындай алмайтын. Соны біліп, өзімнің мықты екеніме өзгелердің көзін жеткізгеннен, өзіме жұрттың күнін қаратқаннан ләззат алатынмын. Бірақ бір күні менің өмірімде дос пайда болды. Соған ғана көмектесетінді шығардым...
Шындығында ол маған дос болса екен деп өзім қаладым. Сыныпта жаңадан пайда болған ерекше адамға Менің ғана қолым жетуім керек деген эгоистік амбиция. Соған жеттім де. Бақылау көшіру үшін оның менен бас тартпайтынына саясаткер басым тағы сенді. Бірақ оның менімен жетістіктерім үшін ғана дос болып жүргеніне өзімнің түбі налитынымды сездім де. Көп күтпедім, бір күні артқы парта жақтан «Бақылауда есеп шығарып береді, физиканың есептерін көшіреміз, неміс тілінен жақсы аударады - дос болу керек!» деген сыбысты естідім... Жаман сезім әрине, бір жағынан оның кәдесіне жарасам болды деген жұбаныш...
Бақылау кезінде тірі жанға өз еңбегіңді көрсетпеуің керек. Қиын есептердің дайын жауабы мен қабілетсіз сыныптасыңның арасын байланыстырарлық қисын да, үйлесім де жоқ. Әрі ондай көмектен ешкімнің бағы ашылып кетпейді.
Байқағандарыңыздай, пікірлер екіге бөлінді. Тағы да шешім оқушының өзіне жүктелді. Бұл да өз кезегінде үлкен өмірге қадам, түсінік пен ойдың қалыптасуы, шешім қабылдау, өмірлік тәжірибе жинақтау осындай қарапайым дүниелерден басталатынын аңғартатындай.
Сурет: seoblog.by
Автор: Анар Мұстафина