Диплом жұмысы – жоғарғы оқу орнындағы соңғы әрі қорытынды жұмысыңыз, сіздің жылдар бойында алған біліміңіздің нәтижесі. Сол себептен де, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты іздеу жұмыстарын жүргізу керек. Ал біз өз тарапымыздан диплом жұмысының жазылу ережесін шама-шарқымызша түсіндіріп өтпекшіміз.
Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін (4 курс басында) 1-2 айдың ішінде жетекшіңіз бен диплом тақырыбыңызды таңдап, жетекшіңіздің кафедрасына өтініш беруіңіз керек. Диплом тақырыбы үш тілде бекітіледі. Соңғы айда үлгермей қалып, көрінген жерден ақпарат көшірмес үшін, осы сәттен бастап жұмысты бастай беріңіз. Сіздің басты көмекшіңіз – жетекші мен кітапхана.
Тақырыбыңызға қатысты мәліметтерді қарастырып болғаннан кейін жетекшіңізге барыңыз. Бірге отырып жоспар құрасыздар. Немесе жетекші жоспар құруды өзіңізге тапсырып, соңында бекітетін болады.
Жоспардың тәртібі мынадай болмақ:
І. Кіріспе.
Тақырыптың өзектілігі (2-3 абзац).
Жұмыстың мақсат-міндеттері (3-4 сөйлем).
Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негіздері (1-2 сөйлем). Мұнда қандай еңбектерді бастамаға алғаныңызды жазасыз.
Зерттеудің әдістері (жүйелеу, баяндау, салыстыру т.б.)
Жұмыстың теориялық-практикалық маңызы. (Яғни, нәтижелерді, жаңалықтарды қай жерде пайдалануға болатындығы жазылады).
Кіріспенің жалпы көлемі 3 беттей болуы керек.
ІІ. Негізгі бөлім
Тақырыбыңызды бір жүйеге келтіріңіз. Мәселен, тақырып – "Алма Қыраубаева – әдебиет тарихын зерттеуші" болсын делік. Жұмысты мынадай тарауларға бөлесіз:
1-тарау: Ежелгі дәуір әдеби мұраларын зерттеуші.
2-тарау: Орта ғасыр әдебиетін және шығыстық қисса-дастандарды зерттеуші.
3-тарау. Қазақ әдебиетін зерттеуші.
Төрт тараудан асырмағаныңыз дұрыс. Бұл әрине, гуманитарлық мамандықтардың жазу үлгісі. Дипломдық жұмыстардың үлгілері әртүрлі болады. Мысалы, сәулетшілер сызбалар мен кестелер пайдаланады, педагогтар презентация көрсетеді.
ІІІ. Қорытынды
Қорытындыға аты айтып тұрғандай диплом жұмысының тобықтай түйінін жазасыз. Ашқан жаңалығыңызды, нәтижелерді барынша қысқа әрі түсінікті етіп жазып шығу қажет. Жұмыстың жалпы көлемін кафедра бекітеді. Соңында жазған жұмысыңыз белгіленген межеге жетпей қалмас үшін, жазу ретін жақсылап сұрап біліңіз.
Диплом жұмысы тәмәмдалғанда жетекшіңізге көрсетесіз. Ол сізге артық тұстарын қысқартып, толықтыру керек мәселелерді көрсетіп береді. Сондықтан, жұмысты барынша ерте көрсетуге тырысыңыз. Соңында жетекші толықтай бекітісімен, диплом қорғау жиынына арналған сөзіңізді дайындайсыз. Және жетекшіңіз ұсынған маманнан жұмыс туралы пікір аласыз.
Ісіңіз оңды болсын, студент!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: liveinternet.ru