Детройт Канадамен шекаралас Мичиган штатының солтүстігінде орналасқан. Бұл – АҚШ автомобиль өндірісінің астанасы. Негізгі бизнесі көлік өндірісі болған алып қала АҚШ-та халық саны бойынша онынша орында тұрады. Қазіргі таңда халық саны – 682 мың адам, ал қала агломерациясын қоса есептегенде 4,49 миллионға жетеді. 1701 жылы француз отарлаушысы Антуан Ломе Детройт қаласының негізін қалаған.
Қала билігі бастапқыда Канадаға қараған. 1796 жылдан бастап Детройт АҚШ билігіне өтеді. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, қала тұрғындары әртүрлі металл өндірісімен айналыса бастайды. Нәтижесінде халық саны да тез өседі.
1899 жылы болашақ автомобиль өндірісінің астанасында Генри Форд өзінің алғашқы зауытын салады. Ал 4 жылдан кейін ол Ford Motor компаниясының негізін қалайды. Көп өтпей Додж, Дюран, Крайслер және Паккард есімді америкалықтар Генри Фордқа бәсекелестік тудыру мақсатында жеке өндірістік цехтерін іске қосады.
АҚШ-тағы автомобиль өндірісімен айналысатын алып корпорациялардың дерлік барлығы өз жұмысын Детройтта бастаған. Айта кетсек, General Motors, Ford, Chrysler және Chevrolet концерндерінің негізгі зауыттары мен штаб-пәтерлері Детройтта орын тепкен.
1950-жылдары Детройт қаласының 1,85 миллион тұрғыны болған. Ал ХХІ ғасырға келіп олардың саны әлдеқайда өскені белгілі. Дегенмен 2008 жылы басталған әлемдік экономикалық дағдарыс өндіріс орталықтарын шығынға батырып, көптеген зауыттың жабылуына негіз болады. Нәтижесінде АҚШ-тың алып қаласы өзін банкрот деп жариялайды. Бірнеше жылда халық саны үш есеге дейін азайып, жұмыссыздар саны артады.
2014 жылғы сандық көрсеткіш бойынша, Детройт халқының 23%-ы жұмыссыз. Өткен ғасырдың ортасында Детройт халқының 84%-ын ақ нәсілділер, ал қалғанын афроамерикалықтар құраған болса, қазір бұл көрсеткіш түбегейлі өзгерген. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының 83%-ын афроамерикалықтар құрайды. Небәрі 10%-ы ақ тәнділер, қалған пайыздық мөлшер латынамерикалықтар үлесіне тиесілі.