Дене жаттығуының қажеті жоқ

Спорт залға, темір-терсекке зауқы соға бермейтін адам баласы үшін жақсы жаңалықтың бір ұшын аустралиялық ғалымдар шығарып отыр. Бұл турасында Daily Mail хабарлайды. 

Ақуызға бастап барар молекулярлық кілтті тапқан зерттеушілер енді дене жаттығуларынсыз-ақ, денсаулыққа ешқандай қиындық келтірмей бұлшықеттерді өсіруге болатындығын шындық деп тауып отыр. 

Зерттеу барысында ғалымдар дүниеге әлі келе қоймаған тышқандардағы "Халктың" құрметіне аталып кеткен Grb10 протейнінің функциясын тежеп тастаған. Ең қызығы, жарық дүниені көрген әлгі тышқандар бауырластарына қарағанда әлдеқайда мықты болып шыққан. 

"Бұлшықеттердің толыққанды өсуін қамтамасыз ететін осы бір механизм әлі-ақ көптеген қиындықтарға түпкілікті нүкте қояр деген сенімдеміз"-деп Ловенна Холт жақсы үмітті жасырмауда. Ловеннаның сөзіне сенсек, дәл осы іспетті зерттеулер мен сынақтардың арқасында болашақта ғалымдар көп тер төгіп жатпай-ақ, бұлшықеттерді өсіріп және бұлшықет талшықтарын қалпына келтіре алатын көрінеді. 

Сиднейдегі зертханалардың бірінде дүниеге келіп отырған жаңалықтың түрлі-түрлі ауруларға да қарсы бір емі бар болып шықты. Мәселен, бұлшықет дистрофиясы мен екінші дәрежелі қант диабетін, бұлшықет талшықтарының қабынуларының алдын алатын көрінеді. 

Әзірше иығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай жігіт баласы болу үшін жалғыз ғана жол бар - темір-терсек көтеру мен жақсы тамақтану, жайлы ұйықтау. 

Сурет:dailymail.co.uk

Дайындаған: Фараби Бақыт