Қазіргі уақытта интернет пен әлеуметтік желілерде тыныс белгілерден жіберілетін қателер өте көп кездеседі. Бұл - сөз мәдениетінің талабына үлкен нұқсан келтіреді. Мұндай қателер сөйлемнің құрылысына, оның орын тәртібіне үлкен нұқсан келтіріп қана қоймайды, тыңдаушының айтушыдан алатын сөз мазмұнының ақпараттық мәнін солғындатады, әрі түсінуге ауырлық жасайды.
БАҚ (интернет журналистикада) беттерінде ал, бірақ, өйткені, сондықтан, т.б. шылауларды сөйлемнің басына шығарып, одан кейін үтір қойып сөйлемді жалғастыратынын оқып жүрміз. Негізінен жоғарыдағы шылаулар көбіне сөйлем ортасында жазылады. Ал бұл шылаулармен сөйлемді бастау – кәсібиліктің белгісі емес. Бұл туралы Р. Сыздық: "Жазу мәдениетінің бір ұшы тыныс белгілерін дұрыс қоюда болса, оның ережелерін де белінен басып, берекесін алып жатқан жайымыз бар. "Дауыс кідірген жерге үтір койылсын!" деген "жекеменшік" ереже шығарғандардың "көмегімен" үтір дегенді тоғытып жібердік. Сөйлем басында келген ал, бірақ, өйткені, сондықтан шылауларды үтірмен бөліп тастайтынды дағдыға айналдырдық. Бұл жалғаулық шылаулар әдетте екі сөйлем мүшесінің ортасында немесе құрмалас сөйлемнің екі компонентінің ортасында келеді, мұндайда алдарынан үтір қойылады. Ал кейде, әсіресе газет беттерінде бұл жалғаулықтарды сөйлемнің басына шығарып қолданады. Ондайда сәл паузамен бөлініп айтылғанмен, үтірмен ажыратылмайды. Бұл орайда, яғни сөйлем басында келген одағай, қаратпа, қыстырма сөздерден кейін ғана үтір қойылады. Көрсетілген шылаулар – қыстырма да, одағай да, қаратпа да емес, жалғаулықтар" - дейді.
Олай болса үтір қандай жағдайда қойылатынын біле жүріңіздер;
§ 1. Үтірмен сөйлемдегі қаратпа сөздер, қаратпа сөз тізбектері бөлінеді.
Нақтылы біреуге арналмаған, жалпылық-белгісіздік мағынасы бар сөздер мен сөз тізбектері де үтірмен бөлінеді.
§ 2. Сөйлемдегі қыстырма сөздер, сөз тізбектері және сөйлемдер үтірмен бөлінеді.
§ 3. Үтірмен сөйлемдегі одағайлар бөлінеді.
§ 4. Бәсе, жә, қош, құп, жарайды, мақұл, дұрыс сияқты сөздер үтірмен бөлінеді.
§ 5. Сөйлемдегі иә, жоқ, мә, мәңіз деген сөздер үтірмен бөлінеді.
§ 6. Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасына қойылады.
§ 7. Сөйлемдегі оңашаланған айқындауыш мүшелер үтірмен бөлінеді.
§ 8. Сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен келген және -дай, -дей, -тай, -тейжұрнақтары қосылған тізбектер де үтірге алынады.
§ 9. Қарамастан, қоспағанда, есептегенде деген сөздерге аяқталатын сөз тізбектері үтірмен ажыратылады.
§ 10. Үтір құрмаласқа енген жай сөйлемдердің арасына қойылады.
§ 11. Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі хабарлы сөйлем немесе сөйлемнің бір бөлігі болса, одан кейін үтір (және сызықша) қойылады.
Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі өз алдына сөйлем болмай, оған үтір қойылған болса, екінші бөлігінің алдынан да үтір қойылады.
§ 12. Бірнеше сөзден құралған күрделі қос сөздердің арасына үтір қойылады.
§ 13. Бірдей немесе әр келкі тұлғада қайталап келетін жеке сөздер мен тіркестердің араларына үтір қойылады.
§ 14. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болсын деген тіркестер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді.
Бұл ақпараттар белгілі тіл маманы Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» (емле, тыныс белгілері, сөз сазы) еңбегінен алынды. Кітап – мақала жазуды бастағандар үшін таптырмас құрал.
Қазақ тілінің, ана тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Сондықтан да қатесіз айту мен дұрыс жазу нормасын әрбіріміз сақтанғанымыз абзал.
Өзге де қателер туралы алдағы уақытта жазып тұратын боламыз.