Массагет ұжымы сіздердің назарларыңызға тағы да бір кітап ұсынып отыр. Кітап авторы - Мархабат Байғұт. Кәдімгі әдебиеттегі өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан, ерекше дарынды жазушы ағамыздың өзі. Яғни, ағамыздың талантының арқасында дүниеге келген, қоғам сүйсініп оқып, көпшіліктің ыстық лебізіне ие болған - "Қозапая" (әңгімелер мен повестер. - Алматы: Атамұра, 2003 жыл) кітабы жайлы.
Аталған кітапта әр жылдары жазылған әңгімелер мен хикаяттар топталып берілген. "Қозапая" әңгімесі соның бір үлкен жемісі болып саналады. Ең бастысы, бұл әңгімеде қылаудай жасандылық жоқ, мейлінше табиғилығымен, сол табиғилығымен өмір, тіршілік жайлы алуан толғаныстарға жетелейтіндігімен, адамды сансыз ойлардың иіріміне тартатындығымен, алғаусыз мөлдірлігімен, кітап сүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алатындығымен тәнті қылады. Көлемі азағантай ғана әңгіменің қозғаған тақырыбы романға жүк болардай. Әңгімеде не жайлы жазылғандығы, көтерліген тақырыбы туралы айтсақ ағаттық шығар. Себебі, бұл әңгіме әр адамның жеке отырып оқып, одан қандай да болсын сабақ алуына болатын таптырмас дүние. Мархабат ағамыздың да бір артықшылығы осы - өз кейіпкерлерінің қалың ортасынан алыстамайтындығы.
М. Байғұт - өмірдің нәзік қырлары мен сырларын тек өзіне ғана тән призма арқылы көретін жаңа ғасырдың өзгеше, ерекше дарынды жазушысы. Бүгінгі таңда жазушы шабыттанудың биік белесіне көтеріліп, қазақ прозасына жаңаша жазу тәсілі мен стилін қалыптастырып үлгерді. М.Байғұттың қай шығармасын оқысаңыз да, өзіңіз күнде көріп жүрген оқиғаны әдемі жеткізіп, оқырманға ой салуына риза боласыз. Шамасы, жазушыдан оқырманның күтері де осы болса керек.
Форумда талқылау
Суреттер: baigut-uko.kz