Сіз не байқадыңыз, осы «Мастер и Маргарита» деген атаудың өзінен күңгірт мистиканың лебі соғатын секілді ме? Сіз осы романның бұлыңғыр аурасы күш ала келе авторын жұтып қойды деген пікірмен келісесіз бе? Роман барысында осындай ой айтқан сыншыға «көзіндегі күлгін түсті көзілдірігін шешіп, әлемге дұрыстап қарасын деп іштей ақыл айтқан жоқ шығарсыз? Иә, иә, Булгаковтың шығармашылық кеңістігіне таңдана қап тұрып оларды әсершіл және әңгімешіл бұхараның қиялынан туған әңгімеге жан берушілер деп ешқашан сөгуге болмайды.
Бұл туындыны жазу проза падишасына (бұл данқ оған өзі өлген соң ғана келді) айтарлықтай тартысты болды. Булгаковтың кеңестік қоғамға ұнамауы себебі оның орыс әдебиетіндегі Гоголь, Достоевский, Толстойлармен қатар мәртебесін танытуға кедергі жасады. Осы романға отырған мезеттен оның талантына қызғанышпен қарап, тас атушылардың тиегі ағытылады. Ал, мұнан ары қарай өзі көз жұмғанша қырсықтар мен сәтсіздіктерден аяқ алып жүре алмады.
Бұл туындыны орыс әдебиетшілерінің «күңгірт роман» деп айшықтауы тегін емес, ұзақ та, ащы толғатқан романды автор бақандай 12 жыл жазды дейді бізге жеткен бір дерек. Ауыр науқас оған соңғы нүктенің өзін қойдырған жоқ, жазушы өмірінің ақырғы сағаттарында романның қорытынды мәтіндерін жарына сыбырлап баяндап жатыпты, ақ жаулықтысы қағазға түсіріп отырыпты. Әсілінде, бұл туындының жазылмауы керектігін автор бек аңғарды, білді, өйткені романда Мастердің бұл туындыны жазып, соңынан өзі өртеп жіберетіні туралы дерек тектен текке айтылмайды. Бірақ жазуды тоқтатпауының да себебі бар, романдағы ізгілік пен зұлымдықтың тартысында ақиқаттың ақ жалауы желбіреуі үшін ол әлдекімнің көз жұмуы керек екенін ұқты, сондықтан да өзін аямады.
Құдайды ұмытқан, Исаны жоққа шығарып, жын мен сиқыршылық билеген зұлматты қоғамның сұмдық кейіпкерлері - Рұм заң билігі, Понтий Пилат пен Иешуа, ертегінің кейіпкерлері деуге татырлық құбыжық персонаждар қызықтың көрігін баса түскен. Булгаков көз жұмған соң қолжазба ұза-а-ақ уақыт сөреде шаң басып тұрды-дағы, өткен ғасырдың соңғы ширегіне жақын жұртшылықпен қауышты. Романның жарыққа шығуы арқылы өмірі өксікпен өткен жазушының есесі бір қайтқандай-ақ.
Бірақ, алғашқы құрбандығы авторы болып табылатын осынау «Мастер и Маргарита» туындысы кино өндірісінің азығына айналып, театрда сахналанып көрерменмен қауышқан сәтте де жалмау мен жұту сәтін доғарған жоқ. Негізгі айтпағымыз да осы болатын: Мәскеудің әдебиетке өлердей құмар жұртшылығы мен талғампаз көрермені, оқырманы үшін үлкен сыйлық болған дүниенің мистикалық маңыздылығы өз алдына, сол магиядан өрбитін аураның трагедиялық халмен аяқталатыны да жұртшылыққа үлкен дабыраға айналғандай. Қойылымды сахналау барысында орыстың бірнеше тамаша әртісінің дүниеден қайту себептерін романдағы қара күштермен байланыстыру болжамдары бой көтергелі біраз уақыт. Жалпы, бұл картинаны бейнелеген әртістердің дені обыр ауруынан көз жұмып отырған: өкпе обырынан өмірімен қоштасты делінетін Александр Абдулов, Анна Самохина, жүрегі кенеттен тоқтаған Владислав Галкин мен Андрей Толубеев ақ қан ауруымен алысып өткен Кирилл Лавров... Бұл тізімді 2004 жылы осы қойылым үстінде сахнада құлаған Виктор Авиловпен толтырады санамалаған адам. Тағы бір құрбандық – Владислав Галкин болады деп ешкім ойлаған жоқ еді. Небәрі отыз сегіз жастағы талантты әртісті әріптестері аталмыш қойылымдағы рөлге бекітілген күннен бастап өмірінің қиыншылықтармен ұштасқанын айтады. Отбасылық кикілжіңдер, тәуліктік түрмелер мен қайталап соға берген аурудан соң кездейсоқ келген ажал орыс көрерменін болашағынан үміт күткен әртістерінен айырып тынды. В.Авиловтың өлімінен кейін Вера Сотникованың үлкен қорқыныш шеңберінде қалып, өзінің шебер ойынын сүйсіне тамашалау үшін аталмыш қойылымға бірнеше ай бұрын билет алып дайындалатын көрерменін де ойламастан сүбелі рөлінен бас тартып, театрдан кету себебі де осыған байланысты.
Мұның себебіне бас қатырған біз ғана емес, көптеген мәдениеттанушылар үшін жұмбақты жағдай саналды. Бұл шығармадағы қара ниетті күштер уақыт өте келе өзін сомдаушының өміріне әсер ете бастады деген пікірлердің бой көтергені де рас. Тіпті бір тұжырымдарда Булгаковтың сұңғыла шеберлігінің арқасына оның кейіпкерлеріне жан бітіп, өзін сомдаушыларға шабуылдайды деп көрсетіледі. Тағы бір пайымдаулардан Булгаковтың өз кейіпкерін жадылау себебі әртіске әсер етті деген болжамды көреміз. Біз де өз тарапымыздан көріпкелдік жасаудан әріге бара алмаймыз, анығын автор біледі, өз құпиясы өз ішінде кеткен Булгаков біледі...
Сурет dom-bulgakova.narod.ru сайтынан
Автор: Лира Қоныс (Акико К)