Балалық шағыңызда «LEGO» ойынын қалай ойнағаныңыз есіңізде ме? Ол кезде қиялымызды ұшқындатып, ерекше шыдамдылықпен конструктор бөлшектерін жинаушы едік қой. Ал мұны көрген ата-анамыз «болашақта сәулетші немесе инженер болатын бала ғой!» деп мамандық тағайындап қоятын. Барлығы уақыттың еншісінде демекші, өмірдің ағысы әлемдегі құбылыстарды өз арнасына сыйдырып отырады. Әркімнің тағдырын өзгертеді. Осыған орай, кезекті материалымызда бала ойынының оның болашағына қалай әсер ететіндігі жайында баяндаймыз. Төменде аты аталатын адамдар – жеке қызығушылығы мен жұмыстарын бір арнаға үйлестіріп, өз ісінен тек қаражат қана емес, рухани байлық та алушылар.
Натан Савайя – LEGO суретшісі
Натан Савайя – Нью-Йорк қаласының тұрғыны. Ол жай ғана суретші емес, кәсіпқой атағы бар LEGO компаниясының сертификатын иемденген шебер. Ол LEGO-ны өнер ретінде алып келген. Натан көптеген түрлі бөлшектен үш метрлік мүсін мен көлемді портреттер құрастырады. Бүгінде оның қолынан шыққан дүниелер мұражай сөресіне қойылған.
Дилан Блау – суретші- мультипликатор
Дилан Блау – аниматор-фрилансер. Оған танымалдылық өзінің стон-моушен анимациясының арқасында келген. Бұл өнер кішкентай кезінде саз-балшыққа әуес болып жүргенінде пайда болған. Швейцар студенті күн сайын алты секундтық видео жасап, анимация саласына жаңашылдық енгізген.
Ксения Симонова – кәсіпқой құм суретшісі
Бір қарағанда құммен сурет салу мүмкін емес сияқты. Бірақ бұл өнер Ксения Симонованың қолынан келді. Украиндық суретші 2009 жылы «Украина дарындыларды іздейді» атты байқаудың жеңімпазы болды. Ол құмнан тамаша сурет нақыштарын келтіріп, қызықты оқиғаны баяндайды. Көптеген елде болып, мемлекет басшысы мен корольдердің мерекелік кешінде құм өнерін көрсеткен.
Джек Уолл – видео ойын композиторы
Егер сіз видео ойын ойнаған болсаңыз, міндеті түрде Джек Уоллдің музыкалық әуендерін естігенсіз. Өйткені оның музыкасы виртуалды видео ойындарға арналған. Ең үздік туындысы «Mass Effect» деп аталады.
Кирк Рэдмейкер – сәулетші
Сіз Кирк Рэдмейкерді мұхит немесе теңіз жағажайларынан кездестіре аласыз. Себебі Кирк қиялында туған мүсінді жасап бітірмейінше, сол аймақтан алыстамайды. 1997 жылдан бастап құмнан мүсін жасау өнерімен кәсіпқой деңгейде айналысқан. Осы күнге дейін танымал жұлдыздар мен ғимараттардың бет пішінін мықты дәлдікпен, әдемі етіп жасап жүр.
Чико Мак Мётри – құлтемір сарапшысы
Чико Мак Мётри суретші ретінде қатқыл темірлерді тірі жанға ұқсатып, құлтемір үлгілерін құрастырады. Чиконың соңғы жұмысы – құлтемір шіркеу. Бұл - отыз бес құлтемірмен жасақталған инсталляция. Ол компьютермен басқарылып, белгілі бір міндеттемелерді орындайды.
Патрик Татопулос – мақұлық авторы
Көріп жүрген ертегіге негізделген кинолардың жануар кейіпкерлері мақұлық авторларының қолынан шығады. Көрермендерге қорқынышты сезім беру үшін олар барлық күш-жігерін пайдаланып, ғажап әсер қалдыруға тырысады.
Алғашында Патрик өз бетінше сурет салады. Ал қазір ол «Сұлу мен құбыжық» мультфильмінің құбыжығын жасаушы автор ретінде танымал.
Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет:kaktatac.livejournal.com,arttower.ru,loveopium