- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Бүгін – Екінші...
Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыс болды. Анасын баласынан, баласын әкесінен, жарын сүйгенінен айырған қанды қырғынның тигізген зардабы да өте ауыр еді. Бұл соғысқа әлемнің 61 мемлекеті қатысты. Соғыс жылдарында 70 млн-нан астам адам өлді. КСРО жағынан 26 млн. адам қаза болды. Германия барлық майданда 12 млн. адамынан айрылды. АҚШ-тың 405 мың адамы, Ұлыбританияның 375 мың адамы өлді.
Қазақстан соғысқа 1.366 мың адамды аттандырды. Отан қорғауға 5183 қыз-келіншектер қатысыпты. Соғыс кезінде республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және екі артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полк және 14 жеке батальон құрылып, майданға жіберілген. Олар соғыстың барлық шайқастарына қатысып, майдан далаларына 601.011 адамын қалдырып, елге оралған. Оның ішінде туған жеріне жете алмай қаза тапқан қазақтардың саны 130 мың адамды құрайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1 қыркүйекте басталды. Соғыс өртін тұтатқан Гитлерлік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, Польшаға басып кірді. Кеңестер Одағына қарсы соғысты фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында бастайды. Бұл соғыс 1945 жылдың 9 мамырында Германияның күйретіле жеңілуімен тәмамдалды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлшегі ғана болғандықтан, оны Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен әсте шатастыруға балмайды. Біздің «Ұлы Отан соғыс» деп айдарлап жүргеніміз Екінші дүниежүзілік соғыстың 1941-1945 жылдар аралығындағы Кеңестер Одағы тікелей қатысқан соғыс кезеңі болса керек. 1945 жыл 8 мамыр күні Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңестер Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция өкілдері алдында Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде Актіге қол қойды.
2 қыркүйек – Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні. 2 қыркүйек – қан сасыған даланың, құшағына өліктерді құшудан шаршаған Жер Ананың жай тапқан күні. Дәл осы күні 2-ші дүниежүзілік соғыстағы не бары үш аптаға созылған аса маңызды операциялардың бірі сәтті аяқталып, Жапонияның сөзсіз тізе бүккендігі жөніндегі Актіге қол қойылды. Ұлы Отан соғысында әбден шыңдалған Кеңес армиясы мақтаулы Квантун армиясының тас-талқанын шығарды.
2 қыркүйекті жаһандану дәуірінде әлем халықтары ерекше белгілеп, атап өтуді дәстүрге айналдырып отыр. Бұл адамзат баласы тыныштықта, бір-бірімен тату-тәтті, бейбіт, аман-есен өмір сүрсе екен, жазылар тарихта ақтаңдақтар болмаса екен, бүгінгі ұрпақ, кейінгі келер келешек осынау қанды қырғындар себептерінен үлгі- өнеге алса екен деген ниеттен туындайды.
Ендеше, дәл осы күні майдан даласында елі үшін қанын төгіп, жанын берген аға-апаларымызды еске ала отырып, әлемде мәңгі бейбітшілік болсын деп тілейік!
Сурет: жеке мұрағат, trtkazakh.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева