Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақандар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған”, – деді.
Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша айларында өткендігі тарихтан белгілі. Өйткені, бұл кезде 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның көптеген қалаларында көп адам қатысқан жиылыстарға, демонстрацияларға және халықтың қалың тобының бой көрсетулеріне ұштасқан болатын. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: "Қазақтардың жүріп-тұруы арқасында Манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды… Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы Мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ болып қалаларға барды, онда қала тұрғындары ұйымдастырған қалалық митингілерге қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті".
Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды.
Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол үшін ол келесі Думаға сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырылған бірінші Мемлекеттік Дума оның үміттерін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды.
Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев – Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б.Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін" жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды "орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр". Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды.
Патша үкіметі 1907 жылдың 3-маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік Думаны да таратып жіберді. Бұл құжат, сонымен бірге, сайлау Заңына өзгерістер енгізді. Патша үкіметі Қазақстан мен Түркістанда пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп тапты. Сонымен, қазақ депутаттары қатынасқан бірінші және екінші Думалар қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. "3-маусым Заңының" өмірге келуімен бірге, қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнген еді. Дегенмен, "3-маусым Заңы" қазақ зиялыларын Дума арқылы жүргізуді көздеген саяси күрестен біржола ығыстыра алған жоқ. Олар Думадан тыс қала отырып, құрамы жағынан алғашқы екі Думадан анағұрлым консервативті, ұлыдержавалық бағыттағы үшінші Дума шеңберінде де мұсылман фракциясы, сібірлік депутаттар, солшыл кадеттер және басқа да одақтастары арқылы патшалықтың қазақ жеріндегі отарлау саясатына, "3-маусым Заңына" қарсы әрекеттерін тоқтатпады. Ал, жалпы алғанда, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының мерзімінен бұрын таратылған патша үкіметінің бірінші және екінші Дума жұмысына және оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, белгілі деңгейде өзіндік із қалдырды. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты "өкілетті" орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті.
"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.
Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.
Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әр түрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.
Сурет: stihi.ru, badnews.org.ru, qazaquni.kz, kultura.kostanay.kz