Мемлекет қаржысы арқылы шетелде оқу талаптары өзгерді.
Қазақстан ғылым және Білім министрлігі «Болашақ» стипендиясының талаптарын ауыстырды. Бұл туралы Otyrar.kz порталына берген сұхбатында «Жастар бағдарламаларының орталығы» АҚ вице-президенті Ғалия Досмұхаметова айтты. Оның сөзіне сенсек, шет елдерге оқуға бару үшін талапкердің елімізде жұмыс тәжірибесі болуы керек. «Болашақ» степендианты жұмыс берушімен және жастар бағдарламаларының орталығымен үш жақты келісім-шартқа отырады. Келісім-шарттың талабына сәйкес, жұмыс беруші степендианттың өз отанына қайту уақытына дейін жұмыс орнын сақтауы тиіс. Сонда ғана білімгер өз отанына келіп, жұмысын жалғастыра алады», - деп жазады басылым.
Сонымен қатар, байқауға тек таңдаулы мамандық салаларының иелері ғана қатыса алатын болған. Бұл қатарға мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми-педагогикалық кадрлар, аймақтық ЖОО түлектері, медициналық және инженерлік-техникалық жұмысшылар және шет елдік ЖОО-ларға өз күшімен түскендер кіреді. Енді үміткердің жас шамасы ескерілмейтін болды.
«Жастар бағдарламаларының орталығы» өкілі байқау талаптарын еске сала кетті. Талапкер ең бірінші кезекте шет тілі мен мемлекеттік тілді жақсы білуі керек, Қазақстан тарихын жақсы білуі тиіс, психотесттен өту, IQ деңгейін өлшеу және керекті құжаттарды тапсыру міндетті (құжаттарды қабылдау 2013 жылдың 1 қазанына дейін жалғасады).
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Ярослав Радловский