- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Бесік әлеммен байланыстырады...
Бесік әлеммен байланыстырады
Қазақтың бесігі жайлы тек қана жақсы дүниелерді айтуға болады. Мәселен, оның көшпелілер өміріндегі пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Басы иілген, төрт аяғы, астында төсегі, арқалығы бар бесіктер үстіне қанша жапқыш жапқанмен сәбидің жатуына жайлы болған. Бала ешқашан тұншықпаған, ауасы кең болып тұрған. Қазақтың бесігі баланың өміріне өте лайықты ойластырылып, шебер дайындалған. Тағы бір айта кетері, қазақ бесігінің аяғы еденге, топыраққа тиіп тұрған. Бұл дегеніміз, ішінде жатқан бала әлеммен тікелей байланыс жасайды деген сөз.
Бала бесікке қарын шашы, тырнағы алынып, қырық қасық суға шомылдырғаннан кейін ғана, яғни рәсім орындалғаннан соң жататын болған. Сол рәсімге орай бесік тойы жасалған. Бесікте жатқан балаға анасы бесік жырын айтқан. Құрсақтан анасының дауысын естіп үйренген нәресте бесік жырына елітіп, тыңдайтын болған. Бесік жыры - тәрбиелік мәні зор тәлімді ән саналған.
Қазақ халқы бесікті әркез таза қылып ұстаған. Және бесікте баланың дәреті жаялығына жайылмауы үшін түбек пен шүмек орнатылған. Шүмек ұзынша болып ортасы ойылған, екі жағы кесілген қойдың асық жілігінен немесе ағаштан жасалған. Ал түбек бесіктің астыңғы жағына түсіп тұратын, қалта тәріздес болып келген. Оған шүмектің бір ұшы түсіп тұрған да, екінші ұшы нәрестенің бұтына орналастырылған. Бесіктер 75-80 сантиметр ұзындықта жасалынған.
Түбек тұсы ойылып, ішіне мақта немесе жүн салып сырылған көрпеше "жөргек" деп аталады. Оның үстіне бесікке шақтап тігілген құс жастық қойылады. Енді баланың шабын шүмек қажап тастамауы үшін, кепіл жастықшалары қойылады. Ең соңынан баланың денесін орау үшін, ортасы түбекке шақтап тесілген жаялық жайылады. Таңғыш - әдемілеп өрнек салып, сырылған матадан мықтап тігілген қос бау. Бірі нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізеден тартылады.
Жақтау, сабау, бөген, арқалық, шабақ, жорға - бесіктің негізгі бөлігі. Бесік жақсы талдан әзірленеді.
Қазақта бесік жалаңаш тұрмаған. Өрнектеп тігілген бесік жапқышы болған.
Сурет: ukkz.net
Л. Лига