Массагет.кз "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамындағы инвестициялық талдау департаментінің директоры Берік Алтынбаймен болған сұхбатты ұсынады.
- Өзіңізді таныстырып өтсеңіз, қай жақтың тумасысыз?
- Жамбыл облысының Қордай ауылында 1983 жылы туылдым. Ата-анам – қарапайым жұмысшылар, қазір зейнеткерліктегі адамдар. Анам кезінде экономист болған, әкем мұғалім. Балалық шағымды осы ауылда өткіздім. Мектеп бітіргеннен кейін, Алматыдағы жоғарғы оқу орнына түстім. Қазір "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамындағы инвестициялық талдау департаментінің директоры кызметінде істеймін.
- Оқыған оқу орындарыңыз жайлы айтсаңыз.
- 2004 жылы Алматыдағы Қазақ Экономикалық университетінің (бұрынғы «НарХоз») бухгалтерлік есеп мамандығын бітірдім. 2005 жылы сол университетте Ұлттық банк жанындағы магистратураны мемлекеттік басқару магистрі бағдарламасы бойынша бітірдім. 2005-2007 жылдар аралығында ОртаАзиялық Университеттегі Заң факультетінде оқыдым.
- Бала күнгі арманыңыз қандай? Қазіргі мақсатыңыз ше?
- Бала кезімде армандарым көп болды. Барлық балалар сияқты ғарышкер болуды армандайтынмын. Оған қоса, спортшы, саяхатшы, генерал болсам деп те қиялдадым. Өсе келе, мамандығымды экономика саласынан тандадым. Әрине, қазір де армандарым көп. Келешекте өзімнің инвестициялық жобамды іске асырсам деймін. Және де ол жобам тек республика аумағында емес, сонымен қатар, шетелге де шығатындай болса деп армандаймын.
- Компания жайлы бірер сөз, бұл қызметке қалай келдіңіз? Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай?
- Біздің компания электроэнергетика саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып отыр. Басты міндетіміз – халықты энергетика саласындағы сапалы қызметтермен қамтамасыз ету. Және де республиканың дамуы үшін керекті қуаттарды камтамасыз ету. Әріптестермен қарым-қатынасымыз жақсы. Компанияда жұмыстан бөлек, арнайы кездесулер болып жатады. Спортқа да көп көңіл бөлінген. Менің ойымша, адамдардың жақын араласуына спорт жақсы әсерін тигізеді. Бұл компанияға біздің еншілес компаниямыз Алатау Жарық Компаниясынан келдім (АЖК). Ол компанияда істеп жүргенімде, жұмыс бабы бойынша Астанаға жиі келіп тұратынмын. Кейін осы компанияға маман керек болған кезде, маған ұсыныс жасалды. Басында бас маман қызметінде жұмыс істедім. Десе де, арманым осы сала еді деп айта алмаймын. Бірақ бұл компанияда көп нарсені үйреніп жатырмын. Және осы компаниядағы жұмыс арқылы еліме көмегімді тигіземін деп ойлаймын.
- Еліміздегі жоғарғы оқу орындары туралы айтып өтсеңіз...
- Еліміздің жоғарғы оқу орындарындағы оқу сапасы жоғары деп есептеймін. Бір өкініштісі, шет тіліне көп көңіл бөлінбейді. Қазір мүмкін баса назар аударылатын шығар, жағдай өзгерді ғой. Себебі шет тілі арқылы көп ақпаратқа жол ашылады. Және де менің ойымша, шетелдің оқу жүйесіне толықтай жүгіре бермеу керек. Кеңес Одағынан қалған білім жүйесінің көп артықшылықтары да болды. Қазір бір өкініштісі толықтай шетелдің оқу жүйесіне еліктеп жатырмыз.
- Қалай ойлайсыз, қызметін жақсы жасайтын адам қандай болуы керек?
- Бір сөзбен айтсам, ондай адамдар өз қызметін жақсы көруі керек.
- Астана қаласы қандай қала? Қандай мәдени жерлерін ұнатасыз? Бұл қаламен қандай ерекше сезімдерді есіңізге түсіре аласыз?
- Астана әрқайсымыздың мақтанышымыз болғандықтан, әр адам үшін сүйікті деп есептеймін. Өзім бәрін көрмесем де, жаңа соғылған театр шабыт тудырады. Жақсы көретін жерлердің бірі – Есіл өзенінің жағалауы. Бұл қалада мен әке атандым.
- Шет елдерге шыққансыз ба? Қай елдерде болдыңыз? Оларды Қазақстанмен салыстырып көріңізші.
- Шет елдерге әлі шықпадым. Өкінішке орай, жұмыста ондай сәт түспеді. Демалыс кезінде, туған жеріме баруды ұнатамын. Дамыған елдермен алыстығымыз әлі көп деп есептеймін, бірақ Қазақстан дамып жатыр және осы даму үрдісін жоғалтпау керек.
- Қазақ жастарына айтарыңыз...
- Білімге қазіргі заманда көп көңіл аудару кажет. Және де әрқашан келешектегі өзгерістерге дайын болу керек. Ол үшін адам нақты мақсаттар қойып, қадам-қадаммен ұмтылуы қажет. Нәтиже бірден қысқа уақыт аралығында болмайтындығын ұмытпаған абзал.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай