Бельгия азаматы бір сәтте 13 миллион еуроға байып шыға келді

Бельгия азаматы бір сәтте 13 миллион еуроға байып шыға келді

Бельгия елінің азаматы Жаңа жыл қарсаңында өткен лотереядан тарихтағы ең үлкен джекпоттардың бірін ұтып алды. Осыған дейін де азартты ойындарды тұрақты түрде ойнап келген ол бір сәтті еуромиллионерге айналып шыға келді. 

Дәлірек айтсақ, есімі жарияланбаған азамат Super Lotto лотереясынан 13 миллион еуро ұтып алды. Бұл Бельгия тарихында соңғы жеті жылда болған ең үлкен ұтыс болып отыр. Сондай-ақ ол Super Lotto және Lotto ойындараның 35 жылдық тарихында иесін тапқан ең үлкен ұтыс ретінде де саналады. Осыған жақын ұтыс 2006 жылдың маусым айында аталған елдің азаматына бұйырған болатын. Ол кезде жолы болған жігіт Super Lotto ойынынан 7 миллион еуро ұтып алған еді.

2

Сонымен жаңа джекпот иегерінің есімі һәм тегі оның қауіпсіздігі мақсатында жарияланбай отыр.

Джекпоттың үлкен сомада болуын лотереяны ұйымдастырушылар жыл бойына сатып алушылардан жиналған ақшаның жиналуымен түсіндіреді. 

Ал жалпы Бельгия тарихындағы ең үлкен ұтыс 2007 жылы тіркелді. Сол кезде осы елдің азаматы «Еуромиллиондары» ойынынан бас жүлдеге ие болып, аяқастынан 100 миллион долларға байып шыға келген болатын. Бұл лотереяны Испания, Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Люксембург, Португалия, Ирландия, Австрия мен Бельгия мемлекеттерінің 200 миллионнан аса тұрғындары ойнайтынын айта кетейік.

Әлем бойынша ең соңғы үлкен жүлдеге канадалық Том Крист қол жеткізген екен. Алайда 37 миллион долларға ие болған ол барлық ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды шешкен көрінеді.

Кристтің балалары да әкесінің бұл шешімін құптаған. Ал оның өзі болса алып отырған зейнетақысының отбасына жететіндігін айтып, ұтып алған барлық ақшасын алудан бас тартқан. Зейнетке шығар алдында ол Калгаридегі электротехникалық компаниялардың бірінде қарапайым жұмысшы болып қызмет еткендігі де белгілі болып отыр.   

Томның ұтысты қайырымдылыққа жұмсауына өзімен 33 жыл тұрған әйелінің кенеттен болған қазасы себеп болған екен. Оның әйелі осыдан екі жыл бұрын 57 жасында рак ауруынан дүние салыпты: «Ол алты жыл бойына ракпен күресті, алайда ақыры ауру өз дегеніне жетіп, әйелімді алып кетті»,-дейді Том.

Ол өз ұтысын банкке сақтап, оны тұрақты түрде онкологиялық аурулармен күресетін ұйымдардың шотына аударып тұратындығын айтып отыр.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ria.ru

Б. Қосмағамбет