Бала мен студент арасындағы байланыс – келешекке мол табыс

Бала мен студент арасындағы байланыс – келешекке мол табыс
Фото: автор

Елбасымыздың халыққа жолдауының өзі баланы бесіктен тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу, т.б. қоғамымыздың дамуына қажетті мәселелерді орынды көтерген. Осыған орай, біздің университетіміз жан-жақты жұмыла жымыстар атқаруда. Солардың бірі, бүгінгі таңда «Мұрагер» еріктілер қозғалысының атқарып жатқан шараларын айта кеткіміз келеді.

Өзіміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын аттаған сәттен бастап, университет тыныс-тіршілігінен өзге көптеген қоғамдық жұмыстарға араласып келеміз. Солардың бірі, филология және әлем тілдері факультетінің жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы жанынан құрылған «Мұрагер» еріктілер қозғалысы. Біздің факультеттің студенттері қазақи мінезді, ақкөңіл, білімді де өнерлі болып келеді, олай болмасқа шара жоқ. Өйткені мұндағы тәлім тәрбие беріп отырған ұстаздарымыздың өздері тек білікті маман ғана емес өмірге жолдама беретін тамаша жандар.

«Мұрагер» еріктілер қозғалысының мүшелері болғандықтан көп жағдайда Алматы қалалық «Жанұя» мамандандырылған кешеніне қайырымдылық шараларын өткізуді өзімізге міндет деп санаймыз. Мұндағы түрлі диагнозбен ауыратын сырқат балалардың денсаулығы, мүмкіндіктері  шектеулі. Аталмыш кешен басшылары Л.Ә. Күлсарина және орынбасары Б.С. Садуова сынды өзге де қызметкерлердің ерен еңбектері өз алдына, осы еріктілердің жетекшілері: кафедра меңгерушісі, проф. Г.Б. Мәдиева, кафедра оқытушылары П.Т. Медетбекова мен Н.А. Исмайловалардың жоспарларының арқасында біздің де көмегіміз тиіп жатыр.

Көмек дегенде, балалармен бос уақытымызды бірге өткізіп, қандай да бір шаралар өткізу. Мерекелік шараларға арналған балаларға түрлі концерттер қойып көңілдерін ауласақ, бірде оларды ән айтып, тақпақ жаттау, би билеу немесе қандай да қойылымға қатысу үшін рөлдерге дайындаймыз.

Денсаулықтары шектеулі деп айтудың өзі ауыр болғанымен, кейде осындағы балаларға қарап отырып, терең ойға да батады екенсің. Сонда туындайтын бірінші сауал, ата-анасы туған баласын неге тастады және неге баланың денсаулығында кінәрат бар? Бұның жауабы тек бір адамды емес, қоғамды ойландыру керек пе?..

2017 жылдың ақпан айында  Ауған Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына байланысты  ұйымдастырылған «Ауғанның асуында от кешкендер» атты іс-шара  өтті (бұл көп шаралардың бірінен мысал).

Тарихта ардагерлер асқан бағаң – деп батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен  батырларымыздың ерлігі тәрбиеленушілердің  есінде қалсын  деген  мақсатпен: Республикалық  Ауған  соғысы  және  жергілікті  қақтығыстардың  ардагерлері  мен  мүгедектерінің  қоғамдық  одағының төрағасы Баймулдинов Серикбай  Кенесович, орынбасары Даркенбаев  Багдаулет  Курмангожаевич, Сайбенов  Махат Сабеновичпен балалар мен ұйымдастыруға атсалысқан «Мұрагер» еріктілер қозғалысының студенттерімен  Ауған  соғысы  жылдары  туралы  ой  бөлісіп, сұхбаттасты. Іс-шараның  соңы  концерттік  бағдарламамен жалғасын  тапты. Кездесу  өте  тартымды ғана емес, кешеннің балалары үшін де, студент жастар, біз үшін де үлкен тәрбиелік мәнге ие бола алды.

Осы шарадан алған әсеріміз, терең ойға да батырды, қуанышқа да бөледі.

Жалпы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атану бір бақыт болса, ендігі алғысымыз жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының ұжымына, «Мұрагер» еріктілер қозғалысының жетекшілері: проф. Г.Б. Мәдиева, кафедра оқытушылары П.Т. Медетбекова мен Н.А. Исмайлова апайларымызға білдіргенді жөн деп білдік.

Осы университетті таңдағанда да арманымыз адастырмағанына тағы да көзіміз жетті.

Келешекте осы университеттен білікті маман ғана емес, тамаша адам болып шығатынымызға кәміл сенімдіміз.

«Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының
3 курс студенті Аягүл СЕРИКБАЕВА
1 курс студенті Лашын АЙДЫН

 

О. Сансызбай