Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2012 жылы 23-30 сәуір аралығында Астана қаласында «Назарбаев Университеті» базасында химия пәнінен оқушылардың 46-Халықаралық Менделеев олимпиадасы өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, аталған іс-шараны ұйымдастыру мақсатында осы жылдың қаңтар айында ҚР Білім және ғылым вице-министрі М.Н. Сарыбековтың басшылығымен кездесу болып өткен болатын. Ол кездесуде 46-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасының төрағасы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті химия факультетінің деканы, РҒА-ың академигі В.Лунин арыдан сөз қозғады. Ол 1956 жылдан бастау алатын олимпиаданың өткізілу мақсат-мүддесіне жіті назар аударды. Ал Әдістемелік комиссия мен халықаралық олимпиаданың қазылар алқасының төрағасы, профессор В.Ненайденко, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті химия факультетінің профессоры сондай-ақ, химия пәнінен Қазақстан құрама командасының жетекшісі Қ. Бекішев еліміздегі ғылым мен білімнің даму болашағы жөніндегі мәселелерді талқылап, қазақ жастарына үлкен сенім артатынын алға тартты. Кездесу соңында Халықаралық Олимпиаданың ұйымдастырушылары «Назарбаев Университетінің» химия зертханаларымен жан-жақты танысып еді.
Мұндай үлкен дәрежедегі олимпиаданың елімізде өткізілуі таңсық жағдай емес. Оған қазақ оқушыларының әр түрлі ғылыми жарыстар мен олимпиадалардағы жетістіктерін қосыңыз.
Ең бастысы, 1992 жылдан бері халықаралық мәртебе алған олимпиада жеңімпаздарына Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне Ресейдің басқа да жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі беріледі. Олимпиада озаттары, мектеп бітіруші түлектер бірінші курсқа емтихансыз қабылданатын болады.
Форумда талқылау
Сурет inform.kz, nu.edu.kz сайттарынан алынған