- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Астанада білім беру...
Астанада білім беру жүйесін жақсарту мақсатында конференция өтті
23-24 қазан аралығында Астана қаласында «Білім беру саясаты, тәжірибе мен зерттеу» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл үлкен ғылыми шараны Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Сәрінжіпов Аслан Бакенұлы ашты. «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ДББҰ Басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы бастаған «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» директорлары мен мұғалімдері және шетелден 30-дан астам беделді ғалым, профессорлар қатысып, дәріс оқып, қазақстандық оқытушыларымен тәжірибе алмасты.
Шара шеңберінде "Атамұра", "Алматыкітап", "Арман-ПВ" баспаларының қатысуымен кітап көрмесі ұйымдастырылды.
23 күні «Білім беру реформасы және интернационалдандыру: Қазақстандағы мектеп реформасы» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Бұл кітапта Орталық Азиядағы экономикасының даму деңгейіне байланысты ҚР-ның үлгісі негізінде халықаралық білім беру саясатының негізгі тақырыптарын дәріптейді. Кітапта мынадай мәселелер көрсетілген:
− Қазақстан тарихындағы білім берудің орны: идеясы мен тәжірибесі;
− Білім беру саясаты мен тәжірибесін интернационалдандыру, «бейімделу саясаты»;
− Ұлттық білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен үрдістер және оларды жүзеге асыру жолындағы қиындықтар;
− Көшбасшылық және орта білім беру мектептеріндегі өзгерістерді басқару;
− Кәсіби мәдениет және оның дамуы.
Бұл конференцияда жастарға білім беру әдістерін өзгерту, оқушыларды өз бетімен ізденуге дағдыландыру, білім беру жүйесін өзгерту қажеттілігі, үш тұғырлы тіл туралы мәселелер тереңінен қозғалды. Сонымен қатар оқытушы-ғалымдар тарапынан оқушы тәрбиелеудегі әдіс-тәсілдер туралы презентациялар қорғалып, аталған мәселелердің шешімдері ұсынылды.
Сурет: @Қымбат Қараева
Ф. Абилова