Жақында Канаданың табиғат мұражайының зерттеушілері осыдан 3,5 миллион жыл бұрын өмір сүрген алып түйенің қалдықтарын тауып алды. "Ойсыл қараның" сүйектері Арктиканың Элсмир аралынан табылды. Палеонтологтар жалпы саны 30 шақты сүйек қалдықтарын қазып алды. Ежелгі түйенің орманды алқапта, Жер шарында жылы ауа райы үстемдік етіп тұрған шақта өмір сүргені анықталып отыр. Арктикадағы температура ол кезде 14-22 Цельсий градусы аралығында болған.
Элсмир аралында одан бөлек, борсықтың, ежелгі жылқының сүйек қалдықтары да табылды.
Зерттеушілер анықтағандай, арктикалық түйе қазіргі түрімен салыстырғанда 30%-ға үлкенірек болған екен. Оның биіктігі үш метрді құраған. Палеонтологтардың сөзінше, ежелгі түйе қазіргі кездегі түйеден тек жүнінің қалыңдығымен ерекшеленген екен.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: zhelezyaka.com