Әдебиетте "архетип" дейтін түсінік бар. Бұл ұғымға арнайы зерттеу жасап жүрген не дипломдық не ғылыми еңбек жазып жүрген студент, ғалым қалам сермемесе қоғамдық ортада қолданыс аясы тар әдеби жанр.
Архетип (грек, агсһе — бастау, tupos — бейне) — алғашқы үлгі, түпнұсқа. Архетип жалпы адамзаттық рәмізділіктің негізіне, шығармашылық жасампаз қиялдың нәр алатын бастауына жатады. Архетип өнерде ерекше рөл атқарады. Мәдени архетиптер — бұл ілкі мәдени түпнұсқалар, адам және оның табиғат пен қоғамдағы орны жөніндегі түсінік-рәміздер, тарихтың терең қойнауларынан үзілмей «өсіп» шығып, қазіргі мәдениеттің нормалық-құндылық кеңістігінде өз маңызы мен мағынасын жоғалтпаған және бүгінгі адамдардың әрекеттеріне жалпы жоба беретін баптық-құндылық бағдарлар. Архетип туралы ілімдер К. Юнгтің «аналитикалық психологиясында», Выготскийдің «мәдени-тарихи теориясында», Дж. Кулидің «Рәміздік интеракционизмінде» және мәдениетті құндылық-рәміздік жүйе мен адамдар тіршілігінің рухани интенциясы деген түсініктерде жан-жақты дамытылды. К.Юнгтің аналитикалық психологияда архетип көмескі сананың тылсымдық құрылымдарында «ұжымдық бейсаналық» түпнұсқалар ретінде сақталды. Мәдени тұлғаның рухани-шығармашылық қазынасын қауымдық тылсымдағы архетиптер құрастырады. Оларға адамның рухани өмірін априорлы (тәжірибеге дейін) қалыптастыратын және оның іс-әрекетін, мінез-құлық жүйесін жалпылама анықтайтын құндылықтар қисыны жатады. Осының негізінде адамда «мендік» сезім, этноста ортақ уақыттық-кеңістік өрісі пайда болады. Әрбір халық өз мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік алған кезде архетиптеріне жиі оралады. Мысалы, Қазақстанда соңғы жылдары мәдениет пен өнердің әр саласындағы «ұлттық негіздерді жаңғырту» идеясы осымен тұстас.
Мифтік санада тұлға туралы түсінік жоқ, ол табиғи және қауымдық күштердің тасасында қалған. Тылсым табиғаттың алғашқы еркін жіберілген тұлғасы — Батыр. Бұл шынында да батырлық еді. Табиғи немесе құдайылық қажеттікті жеңе білген батыр нағыз адамзаттық мәдениеттіліктің (азаттықтың) негізін қалады. Батыс мәдениетінде «варварлар» бастаған батырлық ғасырлар Рим империясы құлағаннан кейін басталса, Еуразия Ұлы даласында бұл процесс номадалық түрік империяларының шарықтауымен сәйкес еді. Ғалымдар қазақ эпостарының алғашқы нұсқалары түрік қағанаттары кезінде қалыптасқаны туралы көптеген дәлелдер келтіреді. Ең бастысы — батырлық уақытта қазіргі қазақ мәдениетінің архетиптері қалыптасқан.
«Архетип» ұғымын ғылымға енгізген — К.Г. Юнг. Оның пікірі бойынша, мәдени тұлғаның рухани-шығармашыл қазынасын қауымдық тылсым құрастырады. Осы көмескі сананың, тылсымның құрылымдық бөліктерін архетиптер деп атайды. Оларға адамның рухани өмірін априорлы (тәжірибеге дейін) қалыптастыратын және оның іс-әрекетін, мінез-құлық жүйесін жалпылама анықтайтын құндылықтар қисыны жатады. Осының негізінде адамда «мендік» сезім, этноста ортақ уақыттық кеңістіктік өріс пайда болады.
Архетип ұғымының ең басты белгілеріне уақыт пен кеңістік жатады. Өйткені оның тікелей хронотоптық сипаты бар және ол — уақыт пен кеңістіктегі мәдени әлемді адамның игеруінің негізгі шарттарының бірі. Әрбір халық өз мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік алған кезде архетиптеріне жиі оралады. Мысалы, соңғы кездегі мәдениет пен өнердің әр саласындағы «ұлттық негіздерді жаңғырту» идеясы осымен ұқсас. Бұл, әсіресе, тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан Республикасында да өтіп жатқан занды және прогрессивті құбылыс. Архетиптік уақытты жаңғырту дегеніміз әлемдік мәдениетте кездесетін фундаментализм (түп-тамырларды әсірелеу) және партикуляризмнен (мәдени оқшаулық, ерекше жол) бөлек құбылыс. Бізде жиі айтылатын «еуразиялық идея» мәнісі жағынан алғанда партикуляризмнің бір түрі және ол негізінен Ресей жерінде қалыптасқан. Мәдениеттер диалоги кеңістігінде архетиптік уақытты жаңғырту мәдени әмбебаптылық идеясына қарсы келмейді.
Сонымен белгілі бір мәдениеттің архетипіне оның өзіндік болмысын неғүрлым бойына толығырақ жинаған салт-дәстүрлік және өзіндік сана ерекшеліктерін қалыптастырған және дербес жүйе ретінде өркениеттер сұхбатында орын алған мәдени түп нұсқа жатады.
Архетип көркемөнер тарихында да, әдеиет теориясында да маңызды орын алады. Ол (грек, arche – бастау, топос – бейне ) – алғашқы үлгі, түпнұсқа мағынасын білдіреді. Архетип шығармашылық жасампаз қиял негізінде пайда болған, жалпы адамзаттың даму тарихында үстем болған көне бейнелер. Мәдени архетиптер – алғашқы мәдени үлгілер, адамның көне тарихтан бері қарай келе жатқан жаратылыс, болмыс пен табиғат туралы ұғым-түсінігінен қалыптасқан және қазіргі мәдени кеңістікте өз маңызы мен мағынасын жоғалтпаған, бүгінгі рухани құндылықтар әлеміндегі бағдарлар. «Архетип» ұғымын ғылымға енгізген — швейцарлых психиатр, ғалым К.Г.Юнг. Архетип ұғымы К.Юнгтің «Ұжымдық ырықсыздық архетиптері» еңбегіндегі сана мен ырықсыздық туралы ілімінен бастау алады. К.Юнгтің аналитикалық психологиясында архетип көмескі сананың тылсымдық құрылымдарында «ұжымдық бейсаналық, ырықсыздық» ретінде сақталады. Ырықсыздықтың адам психикасындағы объективті сипаты бар.
Архетип арқылы заттық болмыстың символикасын айқындауға болады. Әдеби архетип - фольклорлық және әдеби шығармалардағы жиі қайталанатын бейнелер, сюжеттер, мотивтер. Ол сыртқы өзгерістерге ұшырауға бейіл болғанымен, тұрақты, ғасырлар бойы қалыптасқан мазмұндық мәнін, құндылығын жоғалтпайды. Архетиптердің әдеби туындылардағы көркемдік қызметі - қазіргі зерттеушілердің жіті назарындағы өзекті мәселе. К.-Г. Юнг пайымдауынша, архетип бейнелер (алғашқы бейнелер), праформалар «ұжымдық байсаналықтың» жемісі ретінде ғасырлыр бойы адам өмірінде маңызды орын алып, мифологияда, дінде, философияда қолданыс тапты. Көптеген әдеби образдар, мотивтер белгілі бір архетиптік бастаудан нәр алады да, концептуалдық тұрғыда оны жаңа мазмұнмен байытады.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында З.Фрейдтің психоаналитикалық теориясы дамыған тұста әртүрлі мәдени қабаттардағы мифопоэикалық сананы, архетип бейнелерді айқындау басты бағдарға айналды. ХХ ғасырдың екінші жартысында үстемдік еткен мифологиялық таным бойынша екі арна басым болды, шартты түрде оны фрэзерлік, мифтік-рәсімдік (Дж.Дж.Фрэзер) және архетиптік (К.-Г. Юнг) деп атауға болады. Әдебиеттануда көркем шығарманы талдауда мифологиялық қабаттарға ғана емес, түрлі архетиптік бейнелердің көтеретін мағыналық, мазмұндық жүгіне, қызметіне басты назар аударылды. Зерттеушілер базалық архетиптердің өзгеріп отыратынын, тарихи-әдеби дамудың барысында әдеби бейнелерге айналатынын, сонымен бірге жинақтаушылық, типологиялық тұрақтылық, қайталанып отыратын қасиетімен ерекшеленетінін атап өтті. Архетип туралы юнгтік ілімді Е.М.Мелетинский «Поэтика мифа» еңбегінде дамытты. Зерттеуші қазіргі кезеңде «архетип» ұғымының юнгтік ілімнің тар шеңберінен шығып, ауқымы кеңейгенін, кез келген көркем шығармада жалпы, іргелі, жалпы адамзаттық мифологиялық сарындарды бейнелейтінін жазды. Е.М.Мелетинский «Поэтика мифа», «Аналитическая психология и проблема происхождения архетипических сюжетов», А.Ю.Большакова «Теория архетипа на рубеже ХХ-ХХI вв.», «Литературный архетип» [3] атты еңбектерінде бұрындары мифологиялық, психологиялық мазмұн алған архетиптің ХХ ғасырда біртіндеп әдеби архетип үлгісіне айнала бастағанын атап өтеді және оның әдебиеттегі көрінісін талдайды.
Архетип ұғымын ғылымға енгізген К.Г.Юнг болса, кейінірек философиядағы психоаналитикалық бағыттың өкілі Ж.Лакан өз еңбектерінде оның теориясын дамытты. К.Г.Юнг бойынша, бұл образдар адам санасын билеп-төстеп, «барлық адамдар бойында әркімнің жан әлемінің ортақтық негізін түзетін жекешілдік (сверхличный) табиғатына ие болу» ұжымдық бейсаналылықтың басты мазмұны болып табылады. Әдеби архетиптің, жоғарыда атап өткендей, басты белгілері: жинақтаушылық пен типологиялық тұрақтылығы. Әдеби архетип үлгілеріне «мәңгілік, әмбебап бейнелер» (әлем әдебиетіндегі бейнелер), символдық бейнелер (аспан, су), тұрақты бейнелер (ана, бала, сәби, ата немесе, жол, үй) т.б. жатады. Қазіргі әдебиеттануда әдеби архетип ұғымы толық қалыптасып, архетиптік талдау негіздері басқа әдісналық тәсілдермен қатар жалпы поэтиканың құрамдас бөлігіне айналған.
Әр ұлттың әдебиетінде архетиптің өз мағынасы болады. Өйткені архетиптің адам санасына әсер етуі мен оны түсіну әр елдің әдебиетінде түрліше болмақ. Сонымен қатар адам психикасының бірлігінен туындайтын әмбебап, ортақ архетиптер де бар. Архетиптің қалыптасуына көне, бағзы дәуірлердегі тарихи, мифологиялық, діни тағы да басқа факторлар жиынтығы алғышарт ретінде әсер етсе, қоғамдық санада осы факторлар табиғи сақталады. Осыдан келіп, тек сол ұлтқа, ұжымға ғана тән құндылықтар жүйесі мен бірегей мінез-құлықтық нормалары қалыптасады. Бірегей белгілер жиынтығы қалыптаса келіп, халық санасында белгілі бір ассоцияцияға ие. Бірқатар зерттеушілердің пайымдауынша қазақ мәдени архетипіне орта ғасырларда еуразиялық мәдени кеңістікті қамтыған түркілік халықтар мен тайпалардың негізінен қалыптасқан көшпенді мәдениеті жатады. Ұлттық идея күшейіп, мәдениет пен өнер қарқынды дамыған тұста архетиптеріне жиі оралады. Мысалы, соңғы кездегі мәдениет пен өнердің әр саласындағы «ұлттық негіздерді жаңғырту» идеясы осымен ұқсас.
Архетиптік таным мифологиялық дүниетаныммен біте қайнасқан, мифтің өзі архетип болады. Қазіргі таңда жазушылар мифтік, фольклорлық шығармалардың идеялық желісін, я болмаса мифологиялық кейіпкерлерді, архетиптік сарындарды көркемдік мүддеге сай кеңінен пайдаланып отырады. Архетип жаңа мазмұнда дамып, мәңгілік рухани бағдар ретінде «халықтың рухын» бейнелейтін, универсум туралы шынайы және тұтас түсінік қалыптастыратын образ түрі ретінде қабылданады.