Қазақстанның он алты қаласынан 2307 адам қатысқан сауалнама барысында әр төртінші қазақстандықтың кітап оқымайтыны анықталды (сауалнаманы қоғамдық-саяси институт жүргізген). Соның ішінде сұхбаткерлердің көбісі жылына бір-екі ғана кітап (40,1 пайыз) оқиды екен. Ал қалған 13,3 пайызы күнделікті кітап оқуға арнайы уақыт бөліп отыратын болып шықты...
Әлеуметтанушылар сұхбаткерлер арасында еркектерге қарағанда (71,7 пайыз) кітап оқуға деген әйелдердің ынтасы жоғары екенін (77,6 пайыз) анықтады. Соған сәйкесінше сауалнама жүргізушілер "кітапты күнде оқимын" деген жауап негізінде кітапты ең көп оқитын қалалар тізімін жасап шығарды. Көш басында Қызылжар қаласының (күнде кітап оқитындар саны 22,5 пайызға жеткен) тұрғындары болып шықты. Одан кейінгі кезекте Алматы (19 пайыз), Астана (18,9 пайыз) қалалары тұр. Ал тізімнің қарама-қарсы бетінде сауалнама барысында анықталғандай кітап оқуға қызықпайтын тұрғындары бар Тараз жұртшылығы (19,9 пайыз) орын алған. Оған ілесе Қостанай (18,2 пайыз), Атырау (16,7 пайыз) қалалары тізімді жалғастырып кете береді...
Және бір анықталғаны, қазақстандықтардың көбісі детектив жанрындағы кітаптарды (сауалнамаға жауап бергендердің 16,6 пайызы) оқиды екен. Одан кейінгі қатарда тарихи (11,5 пайыз), махаббат (әйелдерге қатысты) жайлы (10,6 пайыз) кітаптар.
Сосын Қазақстанның көп бөлігінде хобби жайлы, іскерлік жайлы әдебиеттермен (7,4 пайыз) қатар қазақ классикасы (7,3 пайыз) үлкен сұранысқа ие. Ал әлемдік әдебиет пен биографиялар аз қызықтыратын болып шықты.
Ең аз көрсеткішті орыс әдебиеті (3,4 пайыз), балалар әдебиеті (3,7 пайыз), поэзия (3 пайыз), фантастика (4,1 пайыз) жинады.
Интернеттің дамығанына қарамастан, баспадан шыққан кітаптарға деген сұраныс әлі де жоғары (75,2 пайыз) екен.
Сурет:studybook.com.ua
Дайындаған: Фараби Бақыт