- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Аналитикалық септіктің жалпы...
Аналитикалық септіктің жалпы сипаттамасы
А.Байтұрсынұлы «шылаулар жалғау орнынан жүретін кей сөздер һәм жалғаулар сияқты басқа сөздердің шылауында тұрмаса өз алдына мағына шықпайтын сөздерді» атайтынын айтады. Жалғаулықтарға менен, үшін, арқылы, тақырыпты, туралы сөздерін жатқызады. Бірақ бұл сөздерді іштей топтастырмайды.
Қ.Жұбанов еңбгінде де септеулік шылау деген топтама жоқ. 1967 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасында» септеулік шылауларды қызметі, мағынасы жағынан септік жалғаулар сипаттас дей келе, оларды мағынасына қарай топтастыру орын алған. Септеуліктердің демеулік және жалғаулықтардан ерекшелеп тұратын олардың сөз бен сөздің арасындағы мезгілдік, мекендік, себепті т.б. осы сияқты абстрактілі-грамматикалық қатынастарды білдіретіні аталып өтіледі. Септеуліктердің өздері тіркесетін сөздің арнаулы грамматикалық формада тұруын талап етіп, меңгеретіні де ескерілген.
Септеуліктер қызметі жағынан септік жалғауларына ұқсас болғандықтан, көбінесе зат есім, есімдік, тұйық етістіктермен тіркеседі.
Сөздерді атау формада меңгеретін септеуліктер: арқылы, бойы, бойда, бойынша, жайында, жайлы, жөнінде, сияқты, секілді, тәрізді, туралы, сайын, үшін.
Барыс септік формасын меңгеретін септеуліктер: дейін, шейін, деген, деп, қарсы, қарай, салым.
Шығыс септіктікті меңгеретін септеуліктер: бері, кейін, соң.
Көмектес септік формасындағы сөзді меңгеретін септеуліктер: бірге, қабат, қатар.
Септеуліктер өзіне жалғау, жұрнақ қосып алып, түрленбейтін категорияға жатады. Бірақ бұл тәртіптен мезгіл-мекен мағыналы септеуліктер ауытқиды. Өйткені бұларға –ғы,-гі формалы сын есім тудыратын жұрнақтар жалғанады: қырыққа дейінгі, күзге таманғы.
Септеуліктер мағыналық тұрғыдан абстрактілі мағынаны білдіреді, кейде бастапқы атаулы сөздерден мағынасы аса алшақтамаған түрде келеді.
Бұлар кейде қосымша мағынаны білдіреді. Мағынасына қарай септеуліктер 5 топқа бөлінетіні осы 1967 жылғы еңбекте былайша беріледі:
1.мезгіл-мекен мағынасын білдіретін: дейін, шейін, бойы, бойында, таман, салым.
2. амал мағыналы септеуліктер: бойынша, бірге, қабат, қатар.
3.мақсат мағыналы септеуліктер: туралы, жөнінде, жөніндегі, жайлы, үшін, деп.
4.қатыстық мағыналы септеуліктер: жайлы, жөнінде, қабат, қатар.
5.теңеу, талғау мағыналы септеуліктер: сияқты, секілді, тәрізді.
Ә.Төлеуов 1982 жылғы «Сөз таптарында» шылау сөздерді семантикалық-грамматикалық жағынан септеулік, жалғаулық, демеуліктерге топтастырады.
Онда септеулік деп өз алдына дербес лексикалық мағынасы, қызметі жоқ, толық мағыналы атауыш сөздер шылауында айтылып, солардың әр алуан мағыналық, формалық кескіндерін түрлендіріп, өздеріне қатысты сөздердің грамматикалық қызметтерін айқындап, дәлелдеу үшін жұмсалатын көмекшілер ретінде көрсетеді: Мен сенің кетпен ұстауыңнан гөрі институтқа кеткеніңді жақсы көрер ем.
Септеуліктер объект мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынасты білдіру үшін қолданылып, септік жалғаулардың бірін меңгеріп тұратын үшін, арқылы, туралы, шақты, сайын, қаралы, жуық, жөнінде, түгіл, сияқты, секілді, тәрізді, сияқты, ғұрлым, сымақ, әрі, бері, сенен, бұдан, ілгері сөздерін елерте отырып, олардың атау, барыс, шығыс, көмектес септіктерін меңгеретінін атап өтеді.
Үшін (тұйық тұлғалы қимыл етістігін, кейбір зат есімдерді), сайын (мезгілдік мәнді зат есім мен өткен шақтық есімшені, мысалы, күн сайын) меңгереді және әр есімдігімен мағыналас болып келеді.
Таман, қарай барыс жалғаулы есім сөздермен тіркесіп, іс-қимылдың бағытын, бағдарын, мезгілдік мөлшерін білдіреді.
Гөрі шығыс жалғаулы сөзбен тіркесіп, заттық қимылды, сандық сапаны талғау, саралау мағынасында айтылады: бұрын, соң, кейін, шейін, ілгері, әрі, бері, таман, жуық, қарай шылаулары шығыс, барыс жалғауы есім сөздермен тіркеседі.
Бұл автордың бөлінісінде де атауды, барыс, көмектес септігін талап ететін шылаулар түріне бөлген.
Морфологиялық өзгеріске ұшырайтын септеуліктерді соң, кейін, дейін, шейін, бұрын, таман, жуық, басқа, өзге деп көрсетеді.
Ғ.Әбухановтың «Қазақ тілі» еңбегінде «Септеулік шылауға өз алдына дербес лексикалық мағынаы жоқ, өзге сөздерге тіркесіп айтылғанда, өзінің алдындағы толық мағыналы сөздің белгілі септік жалғауларында тұруын талап ететін сөздерді жатқызамыз» деп айтады. Атау, барыс, шығыс септіктерін меңгеретін септеуліктерді атап-атап өтеді.
А.Ысқақов: «Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі-түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауларын меңгеріп тұратын көмекші сөздер» деген анықтама берілген.
О. Сансызбай