- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Алғашқы мумиялар шынымен...
Алғашқы мумиялар шынымен Мысырда пайда болған ба?
"Мумия" деген сөзді ести қалсақ, бәріміздің ойымызға бірден Мысыр, Патшалар алқабы, Тутанхамон келетіні рас. Себебі Египетте табылған мумиялар бұрыннан бері танымал болды. Десек те, алғашқы мумиялар шынында да Мысыр елінде пайда болды ма?
Мәйітті мумиялау әлемде алғаш рет шамамен 7 мың жыл бұрын Оңтүстік Америкада ойлап табылды. Алғашқы мумияларды қазіргі Чили мен Перу елдерінің шөлді жағалауларында өмір сүрген чинчорро тайпасы жасаған. Мысырда пайда болған алғашқы мумиялардан екі мың жыл бұрын чинчорролықтар мәйіттерді мәңгілік етуге талпынған. Бір қызығы, мұндай мәртебеге тек ел билеушілері ғана емес, барлық тайпа халқы ие болған.
Ғалымдар қазба жұмыстары кезінде чинчорро мәйіттерінен балық аулайтын қармақ, гарпундар және тағы басқа көптеген қолөнер бұйымдарын тапты. Сөйтсе, барлық бұйымдар мәйіттерде бірдей етіп үлестірілген екен. Бұл чинчорродағы барлық адамдардың тең дәрежеде өмір сүргендіктерінің айқын дәлелі болып қалмақ. Өз кезегінде Мысыр елінде мұндай мәртебеге тек фараондар ғана ие болған.
Айта кетсек, мумиялар тек Оңтүстік Америка және Африка жерлерінде ғана емес, сонымен қатар, Қытай, Италия, Ирландия елдерінде де табылған.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: mirfactov.com
Ж. FM