- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Әлеуметтік лингвистиканың дамуы...
Әлеуметтік лингвистиканың дамуы
Әлеуметтік лингвистика – әлеуметтану, әлеуметтік психология, этнография ғылымдарының түйіскен аралығында туып дамыған тіл білімі саласы. Оның негізгі объектісі – тілдің функционалды жағын зерттеу. Қарастыратын басты мәселелері: тілдің қоғамдық табиғаты, әлеуметтік қызметі, тіл болмысының қатынастық түрлері (әдеби тіл, ауызекі сөйлеу тілі, жергілікті диалектілер, койне, пиджиндер), тілдің әлеуметтік сипаттағы түрлері (жаргон, арго, кәсіби тіл), билингвизм, диглоссия, пиджинделу, креолдану, мултьлингвизм процестері. Онан кейін әлеуметтік лингвистиканы қалыптастырушылар мен дамытушылар И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.де Соссюр, О.Есперсен, И.Буслаев, К.С.Аксаков, Н.П.Некрасова, А.А.Потебня, Ф.Фортунатов, А.А.Шахматов, А.М.Пешковский, Л.В,Щерба және т.б. болды.
Қазіргі кезде функционализмге түрлі бағыттар мен мектептер бірігеді. Функционалды зерттеулердің әр системалы тілдегі бағыт-бағдары да бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Прага, Лондон, Француз, Голландия, Копенгаген, Женева, Ресей, т.б. функционалды мектептері. Чехославакияның қазіргі функционализмі, француздың А.Марссрия бастаған функционализмі, славян ғалымдарының функционализмі т.т. бір-бірінен ерекшеленіп тұрады.
Функционализмнің қай мектебі, қай бағыты болсын, оларды біріктіретін бір ортақ тұжырым, көзқарас бар, ол – тіл адамның қарым-қатынас жасау процесінде, дүниені тануда, оны жеткізуде белгілі бір мақсатын, ой-ниетін іске асыру құралы, амалы болуы. Функционалды лингвистика – қарым-қатынас процесіндегі тіл қызметі. Функционалды лингвистиканың негізін салушы Прага лингвистикалық үйірмесі болып есептеледі. 1926 жылы чех ғалымы В.Матезиустың және славист Р.О.Якобсонның басқаруы мен Прага лингвистикалық үйірмесі құрылған. Үйірмеге славян және герман тілдері мен әдебиетін зерттеушілер В.Матезиус, В.Гавренек, Й.Вахес, Б.Трнка, В.Скаличка, Я.Мукаржобский, Й.Коржинек сияқты т.б. ғалымдар біріккен.
Олардың функционалдықты негіздеген ой-тұжырымдары «Прага лингвистикалық үйірмесінің тезистері» түрінде жарияланып отырған. «Тезистері» алдымен 1928 жылы Гаагада өткен лингвистердің І Халықаралық конгресінде содан кейін 1929 жылы Прагадағы славистердің І Халықаралық съезінде көпшілік ғылыми ортада жария етілген.
Тіл білімінде функционалды лингвистиканың бірнеше бағыттары қалыптасқан. Біріншіден, тіл салаларының жалпы өзін немесе олардың нақты бір бірліктері мен категориялары қызметін қарастыратын бағытта зерттеулер жасалады. Бұл – тілдің ішкі лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі. Зерттеулердің қөбі осы бағытта жүргізіледі. Орыс тіл біліміндегі В.Г.Гак, Г.А.Золотова, Е.Курилович, Д.Н.Шмелев, Н.А.Слюсарева, Н.Ю.Шведова т.б. зерттеушілердің еңбектері осы бағыттағы түрлі тақырыптарға арналған.
О. Сансызбай