Тарихта бұрмалану көп, жазба әдебиеттерінде де, ауыздан ауызға тараған әңгімелерде де бір оқиға әртүрлі баяндалатыны рас. Бұл оқиға да әртүрлі пікірге негізделеді.
Алты күн бойы Рим тілсіз жаудың ортасында жатты. Оған қоса, бұл оқиға 64 жылдың шіліңгір шілде айының 18-жұлдызында, түнде болған. Ыстық алап пен қызыл алаудың әсерінен Рим көгі алқызыл түске боялған екен. Өртте қалғаны бар, денесіне от тимесе де, отта жанғалы тұрған дүниесін жинағаны бар – тұрғындардың бәрі шыңғырып, от құрсауынан шыға алмаған. Нәтижесінде мыңдаған адам мерт болған.
Айналдырған алты күннің ішінде Қасиетті (өз кезінде) Рим империясының астанасы күлге айналған. Сәні мен салтанаты жарасқан сарайлар, ғибадатханалар мен кітапханалар, Рим тарихындағы императорлар мен Рим мифіндегі құдайлар ескерткіштерінің де күлі көкке ұшқаны – сол кезде.
Осы кезең туралы Генрик Сенкевич атты жазушы "Камо грядеши?" деген роман жазған. Оның дереккөзінде Август патшаның шөбересі Нерон 64 жылғы өрт кезінде билік еткен. Нерон – Августтың немересі Агриппиннің баласы. Ал оның сүйіп қосылған бесінші жары Клавдия күйеуін (Агриппинді) у беріп өлтіріп, таққа ұлы Неронды отырғызады. Ес білмей жатып, осындай қатігездікті көрген Нерон қайтпек?
Лион Фейхтвангер есімді неміс жазушысы "ЛжеНерон" деп аталатын романында патшаның қаланы өртеу себебі былай беріледі. Патша Нерон кедейлікті жек көрген, қаланың қуыс көшелерін, оны мекен ететін жарлылардың көзін жойғысы келетін дейді. Шіріген көкөністер мен ашып кеткен еттерге дауласқан саудагерлерді көріп, тар көшені басына көтере аңырап келе жатқан есектердің даусын естіген ол арам ой ойлайды. Осы көріністің кемшілігін өзінен емес, сол адамдардан көріп, оларды өртеп жазалауды дұрыс деп табады. Бірақ не үшін? Әрине, бұл - көркем шығармадағы автордың өз ойы.
Ал Ежелгі Рим жазушысы Гай Светоний "12 цезарьдің өмірі" атты кітабында Рим тарихындағы Неронды отанын сүймеген, халқын аямаған залым патша ретінде көрсетеді. Ол біреудің "Мен өлгенде жер отқа орансын!" дегенін құптамай, "Жоқ, мен көзімнің тірісінде де жерді өртей аламын!" деп өз дегенін жасады дейді.
Бұған тағы бір себеп, Нерон өзінің ақындығын таныту үшін, тану үшін, реалистік оқиғаға негізделген шын туынды жазу үшін қалаға от тастаған. Ал патша өзі Меценат мұнарасына шығып, үстіне әдемі киімін киіп, "Троя күйреуі" атты өлеңді төмендегі халықтың жан айқайына қарамастан оқыған. Жанып тұрған оттан ләззат не шабыт алған болуы керек, қол астындағы жауынгерлерінің жанұясы өрттен шыға алмай жатқан кезде де, оларды жібермей, оған қол шапалақтап тұруды бұйырған. Кінәсінен жалтару үшін христиандарды күдікті деп жазалаған екен.
Бір деректерде Нерон шыдамсыз анасы, қолынан іс келмейтін жары, көңілдесінің қызғаншақ күйеуі үшін өз сарайын өртеймін деп, байқаусызда бүтін қаланы өртеген деседі. Өрт басылған соң, Нерон көрші қалаға кеткен. Елге жаңа қаланың нобайын жасап, сәулет құрылыстарының үлгісін сызып қайтқан... "Орнында бар оңалар" дегені болар, бірақ қай деректі алсақ та, бұл Рим тарихында бұрын-соңды болмаған, адам қолынан жасалған апат.
Осындай тарихтағы ессіз патшаларды білесіз бе?