- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- «Ақсақ құлан» күйінің...
«Ақсақ құлан» күйінің аңыздары
Алаша ханның тамы Қаракеңгірде. Өзінен қалған нәсіл-жұрағат жоқ. Жалғыз баласы Жошы хан бала күнінде аң аулауға шығып, түзде жүргенде бір ақсақ құланды қуамын деп, көп құланның ортасына түсіп кетіп,аты құланмен қабат елігіп-желігіп, бала атына ие бола алмай,тоқтата алмай жығғылып, құлан ортаға алып тарпып өлтіреді.
Аңға кеткен бала келмеген соң бір жаманатты хан да, қара да түсініпті. «Бұл бала енді жоқ болды, кімде-кім баланың өлімін естіртсе басын аламын» - депті. «Өліміңді өшпендің естіртсін» деген деп.
Сол заманда ханның бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен. Бір күні домбырасын қолына алып, күймен баланың өлгендігін шертіпті.
Алаша хан, Жошы хан
Ақсақ құлан жосыған,
Құлан теуіп өлтірді-ау,
Бұйрығын ақтан келтірді-ау..,- деген сөз шығыпты. Оған құлақ түрген Хан:
- У, Кетбұғам, сенің домбыраңның дауысы қалай жаман шығады, «Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған» деп тұр ғой, мен кеще кісі болмасам «ханның жалғызының жайрағаны, дәл келеді-ау осыған» деп отырсың ғой!- дегенде ел шулап қоя беріпті:
- Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік! – деп.
Сол уақыт «құлан шуы» деген мезгіл екен. Хан жарлық қылды: «Төрт түлік малды баласынан айырсын, жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын. Мен аңырап зарлап қалдым. Хайуан мал да мендей зарлы болып азынасын, зарласын!»-деп. Төрт түлік малдың жас төлін Қаражалдың бір жағына, енесін бір жағына бақтырады. Ел күйзелді, өзі ас-су ішпей, төсектен басын көтермей, теріс қарап жатып қалады.
Алаша хан өзі қара қылды қақ жарған әділ екен. Екі даугер келсе шошып оянады екен. Ас ішіп отырса қолындағы аяғын былай қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай ішкені ас болмайды екен.
Алаша ханның Ханбибі деген қатыны бар екен. Асығып-үсігіп, аптығып ордаға кіріп келеді. Теріс қарап жатқан хан:
- Бұл қайсың? – дейді.
- Мен, Ханбибімін - дейді.
- Біреу қуып келгендей ентігіп тұрсың ғой, жайдан-жай кісі солай кіре ме екен?
- Есік алдында екі даугер кіре алмай тұр. Соны айтайын деп келдім, - дегенде:
- Дауы не екен, сұрадың ба? – депті.
- Сұрадым. Біреуін танымадым, мен көрмеген бөтен елдің жолаушысы. Біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген жүрген Қылдыбастың інісі Жүнбас. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқан мүсәпір. Қайтарымда алармын деп Жүнбасқа ат басындай алтын сақтатып кеткен екен. Сол мүсәпір барған жолымен қайтып, енді алып кетейін деп сұраса Жүнбас бермейді дейді. «Баяғыда сенікі болғаны не керек, менің көзім үйір болып, бауыр басып қалдым, бермеймін, жеңген жеріңде ал» - дейді екен. Дауы осы екен – депті. Хан:
- Былшылдамасын, аманатты әркім сақтар болар. Иесі сұрай келсе өзіне қайырар болар. Бар, солай деп айт! – дегенде Ханбибі:
- Төрелігіңізге құлдық, тақсыр, «хан екі сөйлесе қара болады, қара екі сөйлесе қатын» деген. Бұл бала жасаған иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді, аманатын иесі өзі алды, өзінікін өзі алды деп өкпелеу дұрыс па? – дегенде хан басын көтеріп алыпты:
- Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен, - деп сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыратыпты.
Сонда бір боз інген жеріп өз ботасын алмапты. Хан осы бота аштан өлсе обалы менің мойнымда қалады-ау, - деп, осы інгеннің өз ботасын өзіне алғызғанға қалыңсыз қыз бере едім деген соң, баяғы Кетбұға күй шертіп, хан баласының мән-жайын күймен шерткенде естіген жұртта ес қалмай, су болып ағып, інген де есінен танып, елтіп, балқып кетіп, еміреніп иіп ботасын емізіпті. Сол күйдің аты «Бозінген күйі» аталып кетіпті.
Хан енді құланнан өш аламын деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады. Қыз-бозбалаларға тамақ, сусын даярлап беріп тұрады. Құлан үшін қаздырған ор бұл күнде «Құлан өтпес» деген өзен аталып қалады. Қырғынға ұшыраған құланнан бесеуі-ақ қалады. Шу бойында сол жер «Бес құлан» аталып қалады. Домбауыл деген батыр сол бес құланды қуыпты. Екі жүйрік ат бар екен. Құланды қойдай иіріп соғатұғын. Бірі - Еңкейторы ат, екіншісі - Аққабақ ат. Еңкей, Қабақ, Құлан Жалақ - жер аттары болып қалған.
Баласының бір санын тауып алып, там салып, ол там, «Жошы ханның тамы» аталып қалады. Онан соң Алаша хан өзі ажалы жетіп өлгенде, оған тамды келіні соқтырады. Келін өз тамын ойпаң жерге соқтырыпты. «Атам тамына көрініп тұрмасын», - деп.
Келін болсаң осындай бол. Міне, ибалы келін. Тірі күні атасына именіп көрінбеген, иба қылғандығын өлгенде де кейінгі қалған ұрпаққа айта қалғандай қылғандығы.
дереккөз: madeniportal.kz
Т. Есқали