Ағылшын үйренуге мобильді қосымша

Ағылшын үйренуге мобильді қосымша

Жаз – жұмыс қарқыны басылып, кеңселердегі қызметкерлер демалысқа кететін кез. Егер сіз осы кезде әлі жұмыста болсаңыз, жұмыстан бос уақытты пайдалы өткізіңіз. Мысалға, көптен үйрене алмай жүрген ағылшын тілі сабақтарын алыңыз. Қазірде бұл үшін арнайы курстарға барудың қажеті жоқ, ынтасы бар адам мобильді қосымшалар (приложение) көмегімен де мақсатына жете алады.

Learn English Podcasts

Мобильді қосымша Ұлыбритания елшілігімен арнайы өз бетімен ағылшын тілін үйренемін деушілерге жасалған. Әр сабақ 20 минут жалғасады, сабақтар тек ағылшынша өтеді. Соған қарағанда бұл қосымша ағылшынша кішкене де болса білетін жандарға арналған сияқты. Әрине тапсырманы жеңілдету үшін бұл жерде субтитрлар бар.

Жалпы Ұлыбритания елшілігі ағылшын тілін үйренемеін деушіге бірнеше қосымша ойлап тапқан. Олардың ішінде сізге пайдалы бола алатын IELTS (арнайы осы емтиханға дайындайтын), Learn English Grammar (грамматика), Johnny grammar's quizmaster (ағылшын тілін үйрету ойыны), Learn English Kids (балаларға арналған қосымша) және тағы да басқа қосымшалар бар.

Grammar APP 

Сіз ағылшынша жақсы сөйлейсіз, түсінесіз, бірақ грамматикаңыз әлсіздеу болса, бұл қосымша сіз үшін пайдалы болмақ. Бағдарлама сізге ұмытылған грамматика ережелерін еске түсіріп, оларды жаттығулар жасау арқасында есте сақтауға мүмкіндік береді.

LinguaLeo

Танымал аттас web-ресурстың мобильді қосымшасы. Сайт ұсынған тілді оңай, ойнақы түрде үйрену осы қосымшада да жалғасын тапты. Қосымша көмегімен сіз өзіңіздің сөздігіңізді жүргізіп, қандай қарқынмен үйреніп жатқаныңызды қадағалай аласыз. Сөздер тақырыптар бойынша бөлінген.

Accela Study

Бұл бағдарлама көмегімен сіз тек ағылшын тілін ғана емес, сонымен қатар басқа да тілдерді үйрене аласыз. Бұл қосымшада бірден әлемнің 18 тілі бар. Оқу жүйесінің де түрлі нұсқалары, тақырыптық сөздіктер, қызықты статистика келтірілген.

Полиглот

Бағдарлама ағылшын тілін мүлдем білмейтін адамдарға арналғын. Ол ресейлік лингвист маман Дмитрий Петровтың «Тілді 16 сағатта үйрен» бағдарламасы негізінде жасалған. Әрине 16 сағаттан кейін ағылшынша жетік сөйлейсіз деп айта алмаймыз, алайда күнделікті сабақтар сізді мақсатыңызға тез әкеледі.

Ең бастысы бұл сіздің қолыңыздан келетіндігіне сеніп, күнделікті кем дегенде бір сағатты ағылшын үйренуге бағыттаңыз. Ағылшынша кино, сериалдар қарап, сүйікті ағылшын өлеңдерінің мағынасын түсінуге тырысыңыз.

Іске сәт!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: britishcouncil.kz

А. Әбілхан