- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын тіліндегі жаңа...
Ағылшын тіліндегі жаңа неологизмдер
Ағылшын тілін үйренемін дегенше ұзақ уақыт керек. Өйткені, оның қолдану аясы күн санап артып келеді. Ағылшын тіліне күн сайын жаңа сөздер енеді. Көптеген неологизмдер енгеніне аз уақыт болғанына қарамастан, қолданыстан тез шығып жатады.
Бірақ, неологизмдердің кей бөлігі тілімізге еніп, халықтың санасына сіңіп алады. «Селфи» деген түсінік те осы уақытқа дейін кең қолданысқа ие бола қоймаған неологизмнің қатарында болған.
1. Bedgazm
Бұл – адам ұзақ уақыт жүріп немесе жұмыстан шаршап келгеннен соң керуетке жата сала сезінетін рахат сезімі.
2. Chairdrobe
Кейде үйде киім ілетін арнайы шкаф болса да, орындықты ілгіш ретінде қолданып жатамыз. Міне, дәл осы жағдайға осындай атау беріліпті.
3. Masturdating
Бұл сөзді егер сіз киноға, мейрамханаға немесе кафелерге жалғыз баратын болсаңыз қолдануға болады. Яғни, жеке өз-өзіңмен кездесу дегенді білдіреді. Жалғыздықтан тек жапа шегіп қоймай, ләззат алуға болатынын да ұмытпаңыз.
4. Afterclap
Afterclap — бұл бәрі қол шапалақтап болғаннан кейін де шапалақтауды тоқтатпайтын адам.
5. Askhole
Бұл сөз ағылшын тіліндегі ask («сұрау») және өте мәдениетсіз, дөрекі адамды бейнелейтін «asshole» сөзінің қосындысынан пайда болған. Бұл – орынсыз, ашық әрі мәдениетсіз сұрақ қоя беретін адамның қазіргі атауы.
6. Cellfish
Бұл – айналасына мән берместен бар дауысымен айқай салып, ұялы телефонмен бар әңгімесін айтып тұратын адамдардың жаңа атауы. Әсіресе, мұндай адамдарды автобуста жиі кездестіресіз.
7. Textrovert
Интроверт, экстраверт деген ұғымдардың қатарына осы сөз де еніп келеді. Қарым-қатынас жасау барысында тек хабарлама арқылы араласуды жөн санайтын адамға байланысты туған түсінік.
8. Errorist
Бұл – жиі қате жіберетін адам. Хабарлама жазу барысында "жұлдызша*" белгісі арқылы бір сөзді бірнеше қайтара жіберетін достарыңыз болса, ол адамды осылай атауға болады.
9. Textpectation
Бұл сіздің біреуге хабарлама жазып, келер жауапты тағатсыздана тосып отырған сәтіңіз.
10. Dudevorce
Мұны әзіл ретінде «достардың ажырасуы» деп атайды. Тек отбасында ғана емес, достардың арасында да ыдыс-аяқ сылдыры болып тұрады. Бұл сөзді «доспыз» деп жүрген адамдар ресми түрде достық қарым-қатынасына нүкте қойған сәтте қолданады.
11. Destinesia
Бұл – уақытша амнезия. Дәлірек айтсақ, белгілі бір орынға байланысты туындайтын амнезия. Мысалы, ас үйге барасыз, бірақ, неге келгеніңізді ұмытып қаласыз. Бұл – осы сәтті сипаттайтын ағылшын неологизмі.
Сізге бұл ұғымдардың қайсысы таныс?
Т. Есқали