- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын тіліндегі it...
Ағылшын тіліндегі it есімдігінің 5 қызметі
Екі әріптен құралса да, мағынасы көп, түрлі қызмет атқаратын it есімдігі жайлы кеңінен тарқатып көрейік. Ағылшын тіліндегі ең маңызды 5 қызметіне назар аударыңыз.
Ескерту: ағылшын тіліндегі сөйлем есімдіктің (it) қазақша сөйлемдегідей қызметін көрсету үшін "ыңғайсыз" аударылды. Көркем аудармасы – басқаша.
Жіктеу есімдігі ретінде
Бұл қызметі кеңінен таралған. Жіктеу есімдігі қызметіндегі it жансыз заттарға және жан-жануарларға бағытталады. Алайда, егер досыңыздың үй жануарының жынысын нақты ажырата алсаңыз не білсеңіз, he немесе she деп атағаныңыз дұрыс болады.
Жансыз және абстракт атауларды тек it-пен байланыстырған жөн. Мысалы, "I bought a new car. It is very cheap" ("Мен жаңа көлік сатып алдым. Ол өте арзан").
Немесе былай: "Has anyone seen my key? I can’t find it anywhere" (Біреу-міреу менің кілтімді көрді ме? Мен оны ешқай жерден таппай жатырмын").
Жақсыз сөйлем үшін
Жақсыз сөйлемде іс-әрекет болғанымен, оның орындаушысы беймәлім. Ағылшын тілінде көбіне табиғатқа қатысты сөйлемдер it есімдігімен жасалады: "It’s getting colder" ― "Күн суытып барады". Уақыт пен күн жадына байланысты: "It’s 7 p.m." – "Кешкі сағат 7". Қашықтық, өлшем туралы сөз болса: "How far is it to London?" — "Лондонға дейін қашық па?".
Оған қоса, it есімдігін өткен оқиға жайлы өз ойын білдіру үшін қолданылады. Мәселен, "It’s good that he’s reading books" ("Оның кітап оқығаны жақсы"). Немесе "It was nice to see you again" ("Сенімен қайта қауышқаным жақсы болды").
Сілтеу есімдігі ретінде
It сілтеу есімдігі қызметін арагідік атқарады. Мысалы, "Hello, it’s me" ("Сәлем, бұл мен"). Немесе "Try fried banana, it’s our specialty" ("Қуырылған банан жеп көріңіз, бұл біздің ерекше тағамымыз").
It есімдігін жаңа болған оқиғаны не айтылған затты қайталамас үшін қысқартуға қолдануға болады. Мысалы: "Anna began to cook. She likes it" ("Анна тамақ пісіре бастаған. Сол оған ұнайды"). Болмаса, "Dune is an amazing movie. I have seen it many times" ("Дюн” ― керемет фильм. Мен оны бірнеше мәрте көріп тастадым").
It takes
It takes құрылымы қазақ тіліндегі "керек" көмекші сөзінің қызметін атқарады. Түсінікті болу үшін мысалдармен салыстырайық. Әдетте, бір жұмысты тындыру үшін қанша уақыт немесе қандай зат керегін көрсету үшін "іt takes" құрылымы қолданылады. Мәселен, "It took me 3 years to finish this project" ("Бұл жобаны бітіру үшін маған 3 жыл керек болды"). Болмаса: "It takes some courage to say “no”" ("Жоқ" деу үшін біраз батылдық қажет").
It’s time
Ағылшын тілінде жиі кездесетін тіркес. Әдетте "... уақыт келді (таяды, болды)" деген мағынада аударылады. Мәселен, "It’s time to go home" ("Үйге баратын уақыт таяды").
Ал егер белгілі бір іс-әрекетті алғашқы мысалдағыдай сіз емес, басқа біреу жасау керек болса, It’s time-нан кейін қосымша for+адресат қойылуы тиіс. Мысалмен түсіндірейік: "It’s time for you to go home" ("Саған үйге қайтатын уақыт таяды").
Г. Берік