Бүгінде тек жоғары оқу орындары мен жоғары сыныптар ғана емес, барлық мектепте дерлік бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Алайда бұл үрдіс белең алғанына санаулы жыл болды. Білім сапасын жетілдіру елбасының басты назарындағы мәселе, үнемі жолдауларында да, бағдарламаларында да бірінші кезекте айтылып, қаралады. Ал соңғы уақыттары үш тілділік саясаты қолға алынғалы бері ағылшын тілін оқыту ең маңызды мәселе ретінде алға қойылып келеді. Көптеген дамыған елдерде бала ес біліп, ақ пен қараны ажырататын жасқа жеткенше, яғни 12 жасқа дейін тек қана өзінің ана тілінде білім алады, өз туған тілін толықтай меңгеріп алмайынша оның санасын басқа тілмен уламайды. Өз тілін түбегейлі меңгергеннен кейін ғана қандай шет тілдерін игеремін десе де өз еркіне береді. Оған дейін тек алғаш сөйлеп үйренген, анасының сүтімен дарыған тілді тұла бойына сіңіріп алады. Ал біздің елімізде ана тілін енді оқып бастаған балаға екі тіл орыс тілі мен ағылшын тілі қосарланып үйретіледі. Себебі дамушы ел ретінде мемлекетіміз көш соңында қалып қоймауы үшін осындай білім беру жүйесін ұстануға мәжбүр. Қазіргі таңда әлемдік бестселлер кітаптар, қоғам қажетіне жарайтын заманауи туындылар, өткен ғасырлардағы әлем классикасы да біраз бөлігі ағылшын тілінде жазылған. Автордың айтар ойын сол қалпында қабылдап, түсіне білу үшін Қазақстанның әр азаматы жазылған кітапты түпнұсқасынан оқып, толық түсінетіндей деңгейге жетуі тиіс. Шет тілін білмейтін, кезінде үйренбеген адамдар үшін түрлі тәржімалар жасалып, орыс тіліне де, қажет болса қазақ тіліне де аударылып жатыр, алайда аударманың аты аударма, түпнұсқадан оқығанның жөні бір бөлек. Оны кітапты тәржімалап отырған адам басқашан қабылдап, өзінше түйсінуі мүмкін, ал бір кітапты бірнеше қайтара оқығанда әр оқыған сайын өзгеше мәнін ұғынып отыруымыз түпнұсқа тілінде оқудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп береді. Ендігі мәселе шет тілін шала оқыған алдыңғы буын мен сауатын ашқаннан ағылшын тілімен қауышқан жаңа буын арасындағы айырмашылық жөнінде болып отыр. Осыдан 10-15 жыл бұрын шет тілінің маңызы қазіргідей жоғары болмады. Сол себептен мектептерде де ағылшын тілі пәні ат үсті оқытылған кезеңдер өтті әрі сол шақтағы оқушыларға үйрететін мамандар тапшылығы да айқын көрініп тұрды. Ал енді сол шала-пұла біліммен жоғары сыныпқа және жоғары оқу орындарына келген талапкерлерге бірден жаңа бағдарламаны енгізген жағдайда олардың ағылшын тілін еркін меңгеріп, ары қарай алып кетуі екіталай. Осы жағдайларды ескеріп президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам атты бағдарламасының 79-қадамын Білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты ДАЯРЛАНАТЫН КАДРЛАРДЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІК ҚАБІЛЕТІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ СЕКТОРЫНЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ деген тақырыппен берді. Осы қадамды орындау арқылы Қазақстанда білім алатын азаматтардың барлығы дерлік шет тілін оңай меңгеріп шығады. Тек орқушының ниеті мен талабы болса болғаны. Ал мемлекет оларға тегін оқулықты да, арнайы ойластырылған оқыту жүйесін де қарастырып, бар жағдайды жасап қойған. Осы мүмкіндіктерді толық пайдаланған студент жоғары оқу орнын бітіргенше ағылшын тілінде еркін сөйлеп шығады. Бұлай сенімді түрде айтуымыздың да себебі бар. Қазақстанның әр түкпіріндегі түрлі мектепті оқып келген балаға жоғары оқу орнында бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыған баланың бағдарламасы ұсынылмайды. Жоғары оқу орны ішінде шағын тест жүргізу арқылы студенттің деңгейі анықталып, соған орай арнайы топтарға бөлінеді. Міне, кезең-кезеңімен оқыту қадамы орындалғанына тағы бір дәлел осы. Ал егер басқа балаларға ілесе алмайтындай, студенттің деңгейі тым төмен болса, айталық шалғай ауылда ағылшын тілін оқытатын маман болмай, шет тілін оқушы кезде игеруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол шәкіртке де оқыту жағдайлары қарастырылған, яғни оқу орнынан тыс курстық сабақтар да, қосымша оқытатын білім беру орталықтары да көп. Ол, әсіресе жоғары оқу орнының студенттеріне біраз жеңілдікпен оқытылады, бастапқы сатыларын оқу үшін төленетін қаражат қалтаға салмақ салмайды. Осы мәселені 100 қадам қатарына қосудағы мақсат жоғары оқу орнынан түлеп ұшатын болашақ мамандар бәсекеге қабілетті болып шығуы. Олар да қатарының алды болып, өзара бәсекелестікте емес, шетел кадрларымен бәйгеге түскенде алдыңғы қатардан көрінетіндей, кез келген ағылшын тілді мемлекетке барып білімін жетілдіріп, қосымша оқу оқып, тәжірибе алмасатындай дәрежеге жету. Бүгінде еліміздің студенттері мен түлектері шетелге ағылып жатуы да осы қадамның орындалғанына дәлел болады. Барлығының ойы шетелден көрген-білген тәжірибесін өз елімізге келіп жүзеге асыру. Неше жыл өтсе де қайта оралып, елге қызмет ету. Себебі ешкім де туған жерінен аттап береке таппайды. Білім беріп, тәрбиелеп өсірген елін тастап, еш жерде де көгермейді.