- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын тілін фильмдер...
Ағылшын тілін фильмдер арқылы үйренуге бола ма?
Бірнәрсені меңгеру адамның ерік-жігерімен тікелей байланысты. Егер адам әлдекімнің бақылауынсыз бірнәрсені үйренуге талпынысы болса, артық шығынсыз-ақ үйден білім алу арқылы мақсатына қол жеткізе алады. Тілді үйрену де дәл солай. Соңғы уақытта ағылшын тілі курстарының қала көшелерін қаптап кеткені сонша, қай жерде білім беру сапасының жоғары екенін дөп басып айту қиын. Дегенмен, курстарға баруға уақытыңыз бен қаражат жағдайы мүмкіндік бермесе, онда сізді ғаламтор ғана құтқарары анық. Онлайн сабақтардан бөлек, фильмдер мен сериалдардың өзі тілдік қорыңызды байыта түседі. Сонымен, тіл үйренуге аса қызығушылық танытып жүрген жандардан «Ағылшын тілін фильм арқылы үйренуге бола ма?» деп сұраған болатынбыз.
Мейіржан, 24 жаста:
Тіл үйрену барысында кез келген әдіс тиімді. Бірақ, фильмді сүйетіндер үшін ағылшын тілінде жүгіртпе жолдар (субтитр) арқылы қарау пайдалырақ. Дегенмен тіл үйренушілер көбіне фильм таңдауда қателік жібереді. Мысалы, бастапқы деңгей үшін көптеген сайттар ұсынатын «House M.D.» немесе «Elementary» деген сериалдар қиынға соғады. Өйткені, бұл сериалдарда медициналық, криминалистика саласы бойынша терминдер көп. Жаңадан бастағандар үшін қарапайым, тілі жеңіл, махаббат пен тұрмыс жағдайындағы фильмдерді қарауға кеңес беермін. Соның ішінде, бұрын орыс-қазақ тілдерінде көргені болса тіпті жақсы. Сондықтан, ең бірінші қарауға «Сүюге асық» (Спеши любить / A Walk to Remember) фильмін ұсынамын.
Аяжан, 20 жаста:
Жүгіртпе жолдар – тек тыңдау жүйесіне ғана емес, жазылым қабілетін дамыту үшін де өте пайдалы. Мен жүгіртпе жолдар арқылы фильм қарау әдісін тек бастапқы деңгейде ғана ағылшынды меңгергендер үшін ұсынар едім. Өйткені, деңгейіңіз «Intermediate» болса, жүгіртпе жолды қолданбай, жай тыңдалыммен жұмыс істеңіз. Маған ағылшын тілін жетілдіруде септігін тигізген – «Достар» (Friends) сериалы.
Мирас, 28 жаста
Өзім талай рет фильм арқылы ағылшын тілін үйренуге тырыстым. Бірақ, ешқандай пайда болмады. Кейін ағылшын тілін жетік меңгерген достарыммен тілдесу барысында, қателік өзімнен екенін ұқтым. Өйткені, мен фильмді қалай болса, солай таңдайтынмын. Өзіме әскери, қорқынышты фильмдер ұнаса да, «тіл үйрену» үшін романтикалық комедиялар қарауға тырысатынмын. Өзімді қинағандықтан, пайдасын көре алмадым. Сондықтан, енді қолға алып жатқан адамдарға бір ғана кеңес беремін: өзіңе ұнайтын бағытты таңда. Ал, көруге «Смит мырза мен ханым» (Mr. and Mrs. Smith) фильмін ұсынамын.
Назерке, 20 жаста:
Өз басым белгілі бір уақытқа дейін фильмдерді жүгіртпе жолдар арқылы қарамаппын. Мен үшін кітап тиімді көрінетін. Бірақ, емтихан қорытындысы нәтижесінде тыңдалым бойынша деңгейім төмен екенін аңғардым. Ұстазым фильм көруге кеңес берді. Бастапқы да үйрене алмай біраз жүрдім. Кейін ұнағаны соншалықты барлық фильмдер мен сериалдарды тек ағылшын тілінде көруді әдетке айналдырдым. Сонымен қатар, олармен бірге тіркестерді дауыстап қайталауға тырысамын. Осылайша сөйлеу мен тыңдалым дағдыларын дамытуға мүмкіндік алдым. Қазір түп нұсқасын ғана қараймын. Ал, бұл әдісті енді қолданып жүргендерге «Шерлок» сериалын қарауға кеңес беремін.
Айгерім, 15 жаста:
Менің анам – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Сондықтан, тілдерді үйрену аса қиын болмады. Анам үйде оқытатын. Дегенмен, шетелге дайындық курстарына барғанымда тілдік деңгейімнің мен ойлағандай жоғары еместігін ұқтым. Өйткені, олардың сөйлегенін ұғу, олар секілді жауап беру де қиынға соқты. Осылайша, бос уақытымда ағылшын сөйлеу мәнерін үйрену үшін фильмдердің көмегіне жүгіндім. Алғаш қараған фильмім «Бриджет Джонс күнделігі» (Bridget Jones's diary) болатын. Әрине, оқиға желісі жаттанды, аса қызықты емес. Соған қарамастан, тұрмыста ағылшын тілінде жиі қолданатын сөздерді кездестіруге болады.
Ағылшын тілін меңгеру үшін талап пен уақыт қажет. Күнделікті 15 минутыңызды бөлсеңіз де, соңында бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Бастысы, өзіңіз үшін қызықты әрі тиімді бағытты таңдауды ұмытпаңыз.