- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Адамзат ашқан жаңалық....
Адамзат ашқан жаңалық. 1-бөлім
Адамзат баласы дамусыз бір күн өмір сүре алмаса керек. Қоғам дамыған сайын, адам баласының қолынан небір ғажап дүниелер шығады. Оның бәріне жетекшілік етіп отырған - адам баласының о баста ашқан жаңалықтары мен ойлап тапқан дүниелері. Аталған дүниелердің бірі тұрмыстан шығып кетіп жатса, енді бірі әлі күнге дейін өз бағасын сақтап қала бермек. Мәселен, ертеден келе жатқан дөңгелек. Сол өзгермеген қалпы. Сол баяғы күйінде жетекші рөл атқарған қалпы.
Әу бастағы қоғамның қандай болғаны баршаға аян. Олардың нені қолданғаны, нені ойлап тапқаны да осы қатарда. Алайда, алғашқы адамдар ойлап тапқан жаңалықтардың қайсысы бірінші орында тұрады деген сауал кез келген адамның көкейінде.
От. Даусыз бірінші орында. Алғашқы кезде адамдар отты жанартаулардан, табиғи апаттардың салдарынан пайда болған өрттен алып, тұрмыстарына қолданған. Олар соншама күтіп, тағаттары таусылып жүріп тапқан оттарын қорғану мақсатында пайдаланған. Содан кейін, бірте-бірте ағаш пен ағашты үйкеу арқылы от жағу мүмкін екендігін алғашқы данышпандар түсінсе керек. Олар оттан келер пайданың қаншалықты екенін ұғынып, ең алғашқы өндіріске (қыш күйдіру, металл өндіру) қолданған. "Жабайы" оттың қыр-сырын біліп алған адамдар әлі күнге шама-шарқылары жеткенше отты кез келген нәрсеге сынап байқап, бастапқы қадамдарынан таймақ емес.
Дөңгелек. Осы бір сөз ат-арба ұғымымен тікелей байланысты. Себебі, алғашқы адамдар таудан құлаған тастардың ерекше "қабілеттерін" біліп, үй тұрмысына қажетті ағаш пен үлкен дүниелерді ысырып алуға қолданған. Бертін келе, тастардың орнына ағаш келген. Оны да пайдаланудың жалғыз жолын, алғашқы жан-жануарлар мен мал атаулысын құрықтап алған соң ғана іске асырған. Содан бері дөңгелек қоғамды алға сүйрейтін жетекші қызмет атқарумен келеді.
Жазу. Сөз жоқ адам баласының өмірінен ойып тұрып орын алар бір құндылық болса, онда ол - осы жазу. Алғашқы кездегі адамдар арасындағы қарым-қатынас бәрімізге аян. Әсіресе, тарих пәнінен. Онда біз пиктографияның қыр-сырына әбден қанығып, жаттап та алған болатынбыз. Шынымен, жазусыз өмір сүрген алғашқы адамдарды көз алдымызға келтірсек, біртүрлі аяп кететінбіз.
Қағаз. Бір дәуірдің атауын осы сөзге берсек болады. Себебі, қағаздың қандай қажеттіліктен туындағанын біліп көріңіз. Ең алғашқы қағазды қытайлар ойлап тауыпты. Оның өзі де билікке керек қажеттіліктен. Билеушілерге күні-түні ақпараттар, хат-хабарламалар қағаз арқылы жетіп отырған. Бүкіл әйелдер қауымы жібек матаны қайнатып, оны әбден елеу арқылы патша сарайларына тапсырып отырған. Бірақ, ауыр да азапты, машақаты көп жұмыс болатын. Содан ең алғашқы қағаздың басқа түрлері шыққан. Ол турасында аңыз да бар. 105 жылы Цай Лунь есімді қытай азаматы ұзақ уақыт жатқан балық қабыршақтарын қағаз шығаруға пайдаланған. Кейінірек, ағаштан қағаз жасаудың технологиясын қытайлар меңгеріп алған соң, өндіру жолын қатаң түрде сақтаған. Тек 751 жылдары бірнеше қытай араб жаугершілігі қарсаңында мұсылман елінің қолына тұтқынға түседі. Сонда отырып, бүкіл шындықты жария қылып жіберген. Ал мұсылмандар болса, бұл жаңалықты Италияға таратқан. Содан сөйтіп, немістер мен ағылшындар да қағаз жасауды толықтай біліп алған. Қағаз туралы қысқаша тарих осылай сыр шертіп кете береді.
Жалғасы бар...
Суреттер: ob5.ru vkontakte.ru. free2down.net, blog.daum.net
Л. Лига