"Абайтану. Таңдамалы еңбектер" ХІ-ХХХV томдарының тұсаукесерi өтті

"Абайтану. Таңдамалы еңбектер" ХІ-ХХХV томдарының тұсаукесерi өтті
Фото: massaget.kz

20 маусымда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің Абай ғылыми-зерттеу институты дайындаған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» ХІ-ХХХV томдарының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Абайтану бойынша ғылыми зерттеулерді шығару ісі 2015 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жинақтың алғашқы V томы 2015 жылы, V-X томдары 2016 жылы жарық көрді. Ал XI-XXXV томдары 2017-2018 жылдары баспадан шығып, «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» бағдарламасы аясында дайындалып, жарық көріп отыр. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да аталған жинақтың қорытынды тұсаукесер рәсімі өтіп, жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінің профессоры Серікқазы Қорабай, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали, ҚазҰУ ғалымдары Пазыл Бисенбаев, Ләйлә Мұсалы, Бақытқожа Баязитов және т.б. ғалымдар қатысты. Сондай-ақ «Ғылым ордасы» және Ұлттық кітапхананың қызметкерлері қатысып, оларға «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» томдары тапсырылды. Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі мақсаттарының бірі де осы еді – кітапханаларға, ғылыми орталықтарға жинақты тарата отырып, абайтану ғылымының өрісін кеңейтіп, ғылыми ортаға қолжетімді ету. 

35 томның әрбірі 40 дана тиражбен жарық көрді. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» жинағының ғылыми-редакциялық кеңесінің төрағасы Жанғара Дәдебаев жиын барысында еңбектердің жарыққа шығуы жайында баяндады: 

"35 томның жарыққа шығуы мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы қаржыландыру арқылы жүзеге асқан шара емес. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» басылымын шығарудағы мақсат абайтану саласында ғалымдардың, ғылыми мектептер мен Абай ілімін мұрат еткен оқырман игілігіне айналдырып, жинақтың электронды базасын жасау",- деді ғалым. 35 томдық жинақтың электронды нұсқасы Абай ғылыми-зерттеу институтының ресми сайтында жарық көрмек. 

Әр 35 том абайтанушылардың ғылыми еңбектерін жинақтаған. Оларда 1909 жылдан бүгінгі күнге дейін уақыт сынынан өткен, ғылыми және тағылымдық маңызы үлкен еңбектердің таңдамалылары еніп, Абайдың өлеңдері, поэмалары, қарасөздері, аудармалары, ақындық даралығы мен даналығы түрлі ғылым салалары тұрғысынан қарастырылған.

Massaget.kz