- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Абайдың туғанына 170...
Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтті
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде хәкім Абайдың(Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтті.
Шараға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
«2015 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаға толы ерекше жыл болғалы тұр. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына – 180 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл, фашизмге қарсы соғыстағы Жеңіске – 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымызға – 20 жыл. Әрине, тарихымызда лайықты өз орнын алған бұл атаулы оқиғалардың ешқайсысы да ұлттың ұлылығын ұлықтайтын Ұлттық музей назарынан тыс қалмайды. Кемеңгер ойшыл Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған «Абай мұрасы» атты бүгінгі конференция осы атаулы іс-шараның беташары деуге лайық. Бұл ғылыми жиынның ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол болады деп үміттенеміз» деді конференцияда Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
Оның сөзінше, Абайды насихаттауды заман талабына сай жаңарту керек. Бұл туралы Ұлттық музей басшысы былай деді: «Абай – қазақтың төлқұжаты. Ол – рухани деңгейіміздің барометрі. Ол – ел парасатының әрі рәмізі, әрі бақылаушысы. Сондықтан Ұлттық музей классикалық музейлердің дәстүрін сақтап, Абайдай даналардың мұрасын материалдық дүниемен ғана емес, білім-ағарту-таным жүйесімен таныта беруді мақсат тұтады».
Конференция кезінде абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Т.Жұртбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанқара Дәдебаев, тарих ғылымдарының докторы, академик Оразақ Смағұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сынды белгілі ғалымдар ақын мұрасы жайлы арнайы баяндама жасады.
«Абай энциклопедиясын қайта жазу керек. Себебі ол ескі көзқараспен жазылған. Абайда «жан тану» және «толық адам» ілімі бар. Бұл соңғы кезде ашылған. «Жан тану» ілімін ашпайынша біз Абайдан құтыла алмаймыз. «Толық адам» ілімін шешпейінше біз Еуропаның алдына түсе алмаймыз. Еуропа қазір теріс жолға кеткендіктен мінез-құлқы өзгеріп отыр. Біз үшін Еуропадан алатын рухани ештеңе жоқ. Ал бізде Абай ілімі бар» деді жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов.
Басқосу барысында Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдеріне аударылған туындылары және ақын жайлы бейнефильм көрсетіліп, Ұлттық музей қорындағы Абай портреттерінен шағын көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Абай оқулары байқауының жеңімпаздары ақынның қара сөздері мен өлеңдерін оқыса, әншілер Абайдың әндерін шырқады.
Сурет: музей баспасөз қызметі
Ф. Абилова