Абайды тану – дүниені тану

Абайды тану – дүниені тану

Әрбір бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап Абай өлеңдерін жаттап өседі, әдебиет сабақтарында Абай әлемімен танысады, Абай мұрасынан хабардар болады. Өмірінің әр кезеңінде Абай айтқан асыл сөздерді әрқалай түсініп, сабақ алатын, Абай мұрасына қайта-қайта оралып, сұрағына жауап іздейтін тұлға дайындау ұстаз шеберлігіне байланысты. Хакім Абайдың өлеңдерін жаттатып қана қоймай, ұлт мұратына бағыттап, дұрыс түсіндіре білу – қиын іс. Дұрыс түсіндіре білу үшін де, дұрыс түсіне білу керек, не болмаса түсінуге талаптану керек.

Абай осылай деген деп, Абай мынаны айтқысы келген деп топ алдына шығып пікір білдіру үлкен жауапкершілікті арқалатады. Абай жайында айтылған әрбір сөз ұлт мұраты үшін айтылып, Абайды оқуға шақыруы керек. «Көзі ашылып, жұртымыз ояу болғалы» ақын қадірін арттыра беру үшін айтылған әрбір сөзге байыппен қарау керек.

Абайды тану – дүниені тану. Абай өлеңдерінің өміршеңдігі адамзаттық деңгейдегі философиялық ойлары мен қай заманда да адам жанынан табылатын мәселелерді сөз етуінен көрінеді. Тән құмарлығы мен жан құмарлығы, жақсы адам кім, жақсы болмақ үшін не істеу керек, «мені» мен «менікінің» не айырмашылығы бар, т.б. сұрақтарға жауап береді. Мәселен, Абай «Ақыл мен жан – мен «өзім», – дейді. Яғни, адамды өзге адамнан ерекшелейтін, қайталанбас, ерекше, өзгеге ұқсамас «мен» қылатын, «мен» деген ұғымды қалыптастыратын бойындағы ақылы мен жаны екен. Хакім Абай бір сөзінде «Тегінде,  адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дейді. Осы жерден де адам баласын адам баласынан ерекшелейтін де, өсіретін де, өшіретін де ақыл екені көрінеді. Ал жанға келер болсақ, тірі адамға қатысты «шыбын жан», «жанындай жақсы көру», «жан жүрегі» деген тіркестер, дүниеден өткенде де «жақсы жан еді» деп еске алуы тіршіліктің белгісі, ең бағалы дүниесі, өмір сүруі екенін білдірсе керек. Көне түркі жазба ескерткіштерінде де дүниеден өткенін  ұшты деп  баяндайды. Алып батырлардың, ұлы қағандардың халқы үшін өмірін арнап, дүниеден өте бергенде түркі халқының оларды өлді деп емес, ұшты деп айтуы, жанның биікке көтерілуі, жоғарыға ұшуы мәңгілікке айналуы деп түсінгенін көреміз. Абай да осы туралы:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – деп жазады. Осы жердегі Абайдың «менкі» деп айтып отырғаны – адамның тәні. Адамның тәні жер қойнына тапсырылады, тән өледі, «жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек», ол табиғаттың заңы. Ал «мен» деп адамның рухын айтып отырса керек. Түркі ескерткіштерінде ұшты деп айтқандай ол мәңгілікке айналады. Ал Абайдай данышпандардың ақылы мен жанынан құралған «мені» өлмек емес, адамзатқа мәңгі қызмет етіп, дүниенің шындығын танытады, жақсылыққа бастайды, тура жолға салады.

Бауыржан Каспихан
Әл – Фараби    атындағы  қазақ ұлттық  университеті
Филология   және    әлем тілдері факультетінің
1-курс магистранты
               

 

Н. Үсенова