Қазақтың көрнекті әдебиетші-ғалымы Зәки Ахметов 1928 жылы 4 мамырда дүниеге келген. Ол филологиядағы классикалық еңбектердің бірі саналатын, қазақ өлеңінің құрылымына арналған «Казахское стихосложение» (1964) атты зерттеу кітабының авторы. Сонымен қатар, Абай, Шоқан, Дулат, Махамбет, Ағыбай батыр, Ш.Бөкеев, И.Байзақов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, С.Торайғыров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов және т.б. алаш арыстарының шығармаларын жаңаша қырынан талдаған еңбектері бар. Шығыс әдебиеті, түркі тілдес халықтар әдебиеті, орыс әдебиеті мәселелерін қазақ әдебиетімен салыстыра жазған мақалаларының ғылыми маңызы жоғары.
«Өзінің ісін келістіріп істей алмай жүрген адам басқаға одан қиын істі қалай істеу керек екені туралы ақыл бергіш келеді» деген қанатты сөз қалдырған ғалымның «Абай жолы қалай туған?» деген зерттеу еңбегінен үзінді ұсынуды жөн көріп отырмыз. Бұл үзіндіні оқу арқылы ұлы жазушыдан туған ұлы эпопеяның жазылу сырлары мен қырларына қанық болумен қатар, жас жазушылар санасында жаңа ой, иірімді идея туар деген үміттеміз.
«Абай жолы» қалай туған?
Мұхтар Әуезовтің қолжазба архивімен танысқанымызда, жазушының қолында баспа бетін көрмеген жазба деректер аз болғанымен, Абайды көрген, айналасында өмір сүрген көптеген адамнан ұлы ақын туралы, оның ортасы туралы, сол заманғы ірілі-ұсақты оқиғалар жайында айтып қалдырған естелік материалдарының мол болғанын байқадық. Бұл естеліктерде кейбір жайттар бүтіннің сынығындай болып үзік-үзік түрде, тіпті кейде деректері әртүрлі, бір-біріне қарама-қарсы қайшылықты түрде кездессе де, сол дәуірдің негізгі оқиғалары жөнінде, сол ортаның белгілі адамдары туралы құнды мағлұмат береді.
Мұхтар Әуезов Абайды көрген, білген адамдармен әңгімелесе жүріп, олардың айтқандарын қағазға түсіреді. Кейде тіпті екінші, үшінші адамдар арқылы естігендерін де қалдырмай, ерінбей-жалықпай терумен болады. Ұзақ жылдар бойы ондаған адамдардан жиналған материалдар жазушының болашақ геройларының өміріне қатысты көптеген шындық жайды, Абай өмір сүрген ортаны жан-жақты да терең тани білуіне мүмкіндік береді.
Естеліктердегі фактілер мен оқиғалардан жазушы сол дәуірдегі нақты әлеуметтік қайшылықтардың іздерін тауып, оларды маңызы мен сипатына қарай түрліше пайдаланады. Талғампаз суреткер қолындағы бай мағлұматты мұқият зерттей отырып, ой елегінен өткізеді, өзінің идеялық мақсатына сәйкес қайта қорытады, әрбір кейіпкерге, оқиғаға лайықты көркем қызмет, міндет жүктейді.
Эпопеяда Абайдың өзін былай қойғанда, Әбіш, Мағаш, Оспан, Базаралы, Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Құнанбай, Әзімбай, Тәкежан, Оразбай, Бөжей, Жиренше, Майбасар секілді сол дәуірде, сол ортада өмір сүрген прототипі бар кейіпкерлер мейлінше мол. Солармен қатар Дәрмен, Дәркембай, Иса, Иіс, Сейіт, Салтанат секілді түгелдей дерлік ойдан шығарылған кейіпкерлер де аз емес.
Айталық, жазушының көркем қиялының көрігінен шыққан кедей Дәркембайдың Абаймен етене жақын болуы кемеңгер ақынның халық мұңын бар жанымен сезінетінін аша түсу үшін керек. Мемуарлық материалдардан, тарихи, әдеби деректерден жазушы шығармада баяндалатын оқиғалардың тек солғын көрінісін, жалпы сұлбасын ғана табуы мүмкін еді. Сондықтан романдағы көркем шындықты өмірде болған оқиғалардың қаз-қалпындағы көрінісі деп қарауға болмайды.
Жалғасы
Ұқсас жазбалар:
«Абай жолы» эпопеясында Шәкәрім тұлғасының көрінуі
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны # 1