Басы
Жазушының қолжазба архивінде сақталған қысқа ескертпелер, жеке тараулардың ұзын-ырғасын баяндайтын жоспарлар, үзік-үзік ойлар, текстің алғашқы варианттары, т.т. жазушы лабораториясының көп сырын ашады, әшейінде көзге көріне, байқала бермейтін жайларды танытады, идеялық, мақсаттық көркем шындыққа айналудағы негізгі кезеңдерін білуге көмектеседі, автор ойының туу, толысу, өрістеу тұстарын, геройларының және олардың характерлерінің өсу жолдарын аңғартады. Мына төмендегі тезис-конспект түріндегі жоспардың бір қысқа үлгісіне көз жіберсек, онда уақиғаға бастапқы кезеңде қай бағытта дамуы қажеттігі көрінеді. «2-тарау. Күн. Жексен қыстауына, бөкенші, борсақ жеріне Құнанбай ауылы қонады. Өз қарамағына алу айы. Екі-ақ күн ішінде істейді. Анау Қодар, Бөкенші таяды. Бөжейге шағады. Бөжей, Түсіп наразы. Құнанбай оны айтқанша, ұрлығын тисын дейді. Майбасар жігітек пен бөкеншіге сыяз құр дейді. Жаңа бір пәлені шығарып, алдыңғыны ұмыттырмақ. Байсалға құн бер дейді. Майбасар атшабарын жібереді. Жігітек сабайды. Абайды жібереді. Бөжейден жауап ала алмайды. Құнанбай байлатып алғызам дейді, Бөжей кісілері айырып алады. Құнанбай Тоқпамбетті Бөжей мен Жігітектен алып, Байсалға, Көтібаққа бермек. Қол жиып аттанады. Бөжей қапыда». (Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінің архиві, (ЛММА архиві, 28-папка, 16-бет).
Тағы бірде жазушы эпопеяның бір кітабының құрылысын түгел жоспарлап, негізгі тарауларын, басты кейіпкерлерді анықтайды. Мысалға, төмендегі орыс тілінде жазылған жоспарды алуға болады.
«Вторая книга романа. Главы:
Перед бродом – Айгерим На джайляу – Оралбай Взгорьями – жигитеки, тюрьма По рытвинам – Амир, Кунанбай На перевале – Михайлов, дети, учеба, жатаки На распутье – Балкибек, враги Адая – родные, бывшие друзья. На вершине – Татьяна, день общения с Пушкиным – эпилог – песня в народ» (ЛММА архиві, 529-папка, 8-бет).Эпопеяның орысша басылымын дайындау үстінде жазушы оның одақтық оқушыға тартымды болып шығуын айрықша қадағалады. Төрт томдық эпопеяның көбірек редакцияланып, бірталай өзгеріс енгізілгені үшінші кітабы, ал өзге кітаптары бастапқы жарық көрген қалпында сақталып, азырақ өңделген.
Эпопеяның үшінші кітабын қайта қарап, ширатып, шыңдай түскенде, жазушы оның алғашқы екі кітаптың биік көркемдік деңгейінде тұруын көздейді. Төртінші кітапты да осы талапқа сай шығарады. Сонымен, сарқылмас шабыт, дамылсыз творчестволық ізденіс жазушыны зор табысқа кенелтіп, төрт аяғын тең басқан біртұтас кесек, сом әдеби туынды дүниеге келеді.
Оқи отырыңыз:
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы қазақ халқының ас рәсімдері
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы қайтыс болған адамның артын күту рәсімдері. Қаралы көш