Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Абай
Алматының сенбісі құлпырып, күлімдеп тұр. Суық күзде көктемдей жайнауына тас қаланың әр бұрышында өрбіген қуанышты оқиғалар да әсер еткен бе дерсің! Олай демегенде ше?! Ұлы ғұлама Абайдың атын еншілеген Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатта той! Той болғанда да ұлықтауға тұратын мерейі биік, ұлы той! Бұл жақта қуаныш көп: бірі - мектеп алдында Абай ескерткішінің ашылуы болса, бірі - мектептің 55 жылдығы, ал енді бірі - осы тарихи күнде мектепке Тұрсынбек Кәкішев, Орынша Қарабалина сынды аса мәртебелі меймандардың арнайы ат басын бұруы.
Қазақ атын асқақтатқан ұлы тұлғалар қабырғасынан түлеп ұшқан мектеп тотықұстай жасанып, осы бір мерейлі күнге сақадай-сай тұр.
Көңілді күй мен әуезді ән "күншілік жерден" талып естіліп, мерекенің ажарын айқындағандай.
Дегенмен, көңіл алаңдаулы. Күллі мектеп аяғынан тік тұрып, құрметті қонақтардың келуін күтуде.
Міне, олар да келді! Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, әдебиетші, бүгінгінің аңызы Тұрсынбек Кәкішев пен есімі иісі қазаққа белгілі қаламгер, осы мектеп-интернатта ұзақ жыл тәлім берген абыройлы ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева.
Жұрт қонақтардың алдынан шоқ-шоқ гүлдерін ала жүгірді. "Орынша апай келген кезде, бәрі үнемі осылай қол соғады" деп қалды қасымда тұрған бір мұғалім. Тірісінде аңыз болған таудай тұлғалардың қолын қысу да бір мәртебе емес пе?..
Қаумалаған қалың жұрт құрметтілеріне ыстық ықыластарын жаудырып, төрге жайғастырды.
Қазақтың маңдайына біткен шамшырағы, біртуар дана Абайдың ескерткіші ашылды. Ескерткішке Әділ Шаяхметов қаржылай қолдау көрсетіпті.
Ескерткішті ашқан Тұрсынбек Кәкішев пен Орынша Қарабалина данышпанға тағзым етіп ұзақ тұрды.
Дарындыларды тоғыстырған мектептің оқушылары Абай өлеңдерін оқып, Абай әндерін әуелетті.
"Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!"
Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежановтың құттықтау хаты оқылды.
Тіл жанашыры Асылы Осман мектеп-интернат директоры Мұхтар Ботабайұлына кітабын сыйға тартып, бұл мектептен түлеп ұшқан танымал түлектерді тілге тиек етті. "Қазақтың батырлары тілі сияқты көркем болған. Тұрсынбек ағаны қараңыздаршы, сексеннің сеңгіріне шықса да, қандай көркем!" деді ол. Иә, бұл күн тұлғалардың тұғыры биіктей түсіп, асқарлар асқақтаған күн болды.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма! -
деп кеткен Ұлы Абай өз атындағы мектептің ауласында қара сөз бен даналықтың символындай болып, жас жүректерге қанат бітіріп, күллі қазаққа қасқая көз тастап тұр...
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Суреттер автордікі