- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- XX ғасырдағы қазақ...
XX ғасырдағы қазақ тіл білімі туралы жалпы мәлімет
Қазіргі заманғы ғылымды соның ішінде тіл ғылымын да мынадай екі негізгі белгі анықтайды: интеграция және көпидатималық. Лингвистикалық білімдердің ықпалдастығы мынадай ғылыми ұстанымдардың нәтижесінде пайда болады: әсерлеу, антропоөзектік, түсіндіру, функционалдылық және танымдық ұстанымдар.
Әсерлеу ұстаным әртүрлі ғылымдардардың тіл ғылымына әсерінен көрінеді. Мысалы, тіл ғылымына философияның, логиканың, психологияның, тарих тағы басқа ғылымдардың әсер етуі орын алып келсе, соңғы кездері этнология, мәдениеттану, кибернетика, нейрофизиология тағы басқа ғылымдардың әсері күшейді. Осындай басқа ғылым салаларымен байланыс тіл ғылымының математикалық лингвистика, психолингвистика, компьютерлік лингвистика, когнитивті лингвистика сияқты жаңа салаларын өмірге әкелді.
Антропоөзектілік ұстанымы тілдің тек өзін емес, оны сол тілді тұтынушы адаммен байланыстырып зерттеуді талап етеді. Тілдің тек өзін зерттеу, «тілді тіл үшін зерттеу» тіл ғылымы тарихының өткен кезеңі болып қалды. Антропоөзектік ұстанымы бойынша, тіл – ойлаудың, мәдениеттің, тарихтың, дәстүрдің, менталитеттің бейнеленуі. Мысалы, мынадай сөздерді алсақ: жер, су, от, жарық, тау, тас... – бұлар жалпы адамзатқа ортақ сөздер; ал колхоз, совхоз, райком... бұлар кеңестік кезеңге тән ұғымдарды білдіреді; домбыра, шұбат, қымыз, Қобыланды батыр... – бұлар тек қазақ халқына тән ұғымдарды білдіреді. Демек, антропоөзектілік ұстанымы тілді оның иесін (жалпы адамды, жеке адамды, белгілі бір этностың өкілін, әлеуметтік топты) ескере отырып зерттеуді керек етеді. Адамзат әлемінің қыры көп болуына байланысты оларды ескере отырып зерттейтін тілдік теориялардың әр алуан болуы да заңды. Сондықтан антропоөзектілік парадигманы құрайтын әртүрлі социолингвистикалық теориялар туындайды: этнолингвистикалық, социолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық т.б.
Қай тілдің болмасын тілдік бірліктерінің құрамы сол тілдің иесінің дүниені қалай көрумен анықталады, сонымен түсіндіріледі. Қазақ тіліндегі кеңістік өлшемдік мағына беретін сөздер: сүйем, қарыс, білем... немесе туыстық қатынасты білдіретін сөздер: немере, жиен, ене, балдыз... соның мысалы. Әр тіл болмысты соны бейнелейтін ұғым, концептілер жүйесі арқылы өзінше тұжырымдайды, дүниені түсінуде өзіне қажет жақтарына көңіл бөледі. Екінші жағынан, тілдік бірліктерді талдап түсіну шынайы болмысты біліп меңгеруге байланыты болады.
Жалпы, тіл білімі өзінің даму тарихында үш кезеңді басынан өткізді: біріншісі – эмпирикалық кезең, бұл материалдарды жинақтау кезеңі; екіншісі – топтастыру, классификация жасау кезеңі, бұл кезеңде жиналған материалдар ретке келтіріледі, үшіншісі – теориялық кезең, бұл – түсіндіру, теория жасау кезеңі.
Түсіндіру, талдау жасау – ғылыми теориялар арасында бірінен екіншісінің туындау себебін, яғни себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға негізделеді. Мысалы, «дала» сөзін айтқанда алдымен көз алдымызға кең, шеткіз-шексіз жазықтық, кеңістік елестейді, одан әрі бұл сөздің ұлттық нышанмен байланыстылығы шығады. Кәде, селеу, ата-бабалардың көші-қоны, көз ұшында самғаған қыран, туған жер, Отан, Қазақстан ұғымдары орын алады.
О. Сансызбай