TOPIK: Кәріс тілінен емтихан туралы не білесіз?

TOPIK (Test of Proficiency in Korean) – кәріс тілін қаншалықты меңгергеніңізді тексеретін халықаралық емтихан. Емтиханды шетелде тұрып жатқан этникалық кәрістер мен кәріс тілі ана тілі саналмайтын шетелдік азаматтар тапсырады. Бүгінде емтихан әлемнің 30-дан астам елінде өтеді. 

TOPIK емтиханының сертификаты қандай мүмкіндіктер береді?
• кәріс тілін қаншалықты деңгейде білетініңізді бағалауға;
• Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарына түсуге;
• Жұмыс іздегенде қосымша көмек болады, кәріс компаниясына еңбек визасын рәсімдеуге;  

Одан бөлек, TOPIK Оңтүстік Кореяда тұрақты орын/ азаматтық алуда керек.  

Емтихан құрылысы
Емтихан екі бөліктен тұрады – TOPIK I (бастапқы деңгей, 초급) және TOPIK II (орта және жоғары, 중고급). TOPIK барлығы 6 деңгейден тұрады, 1 – деңгей ең төмені,  6 – ең жоғары деңгей.

TOPIK I
Бұл емтихан бөлімінде 1 және 2-деңгейлі тапсырмалар келеді. Олар – "Тыңдалым" мен "Оқылым".

TOPIK II
3, 4, 5 және 6 деңгей тапсырмалары осы бөлімде қарастырылады. "Тыңдалым", "Оқылым","Жазылым" бойынша жұмыс істейсіз. TOPIK I үшін жоғары ұпай – 200 ұпай, TOPIK II – 300 ұпаймен есептеледі.
• TOPIK I
1 деңгей > 80 ұпай
2 деңгей > 140 ұпай

• TOPIK II
3 деңгей > 120 ұпай
4 деңгей > 150 ұпай
5 деңгей > 190 ұпай
6 деңгей > 230 ұпай

TOPIK сертификаты қанша уақытқа дейін жарамды?
Сертификат емтихан қорытындысы шыққанан кейін екі жылға дейін жарамды. 

Кеңестер:

1) Бастысы – көбірек сөз жаттау. Қаншалықты сөздік қорыңыз көп болады, соншалықты мәтінді түсінесіз, тыңдалым да қиындықсыз өтеді. Сөздерді тақырыпқа жіктеп жаттаған тиімді.  

2)Емтиханға дайындық кезінде сөздерді жазудан гөрі, көбірек түсінуге мән беріңіз. Өйткені, емтиханда тыңдалым мен оқылым жұмыстарына басым назар аударады. Бірінші бөлімде  쓰기 (жазылым) дағдысын тексермейді. Сондықтан, TOPIK I бөлімне дайындық барысында тілді қолданудан гөрі, түсінуге назар аударғаныңыз жөн.

3) Емтиханға керек грамматикалық ережелер тізімін қағазға шығарып алыңыз, білетіңізді белгілеп отырыңыз. Осылайша, өзіңізге қанша материалды меңгеру керектігін ұғасыз, ал тізім толыққан сайын өзіңізге деген сенім арта түседі.  

4) Ескі тест жұмыстарымен жауап жазыңыз. Емтиханның ресми сайтынан тесттің ескі нұсқаларын табуға болады. Оның үстіне, 읽기(оқылым) мен  듣기(тыңдалым) бөлімдерінен бөлек, ескі нұсқада 어휘와 문법(лексика мен грамматика) бөлімі бар. Бұл бөліммен жұмыс істеу арқылы, сөздік қорыңызды көтеруге мүмкіндік аласыз. Одан бөлек, грамматикалық ережелерді ұғасыз. 

5) Тыңдалым жұмысын жақсарту үшін кез келген аудионы тыңдаңыз. Әрине, ең тиімдісі – емтиханның ескі нұсқаларындағы аудиоларды тыңдау. Оған қоса, арнайы оқулықтар, бейне сабақтарды (мысалы, Talk to me in Korean) көріңіз. Егер тыңдалым жұмысы сіздің әлсіз тұсыңыз болса, онда тыңдап отырып, жазуға (диктант) тырысыңыз. 

6) Сайтымызда "Өзге тілдерді тез меңгерудің сыры" туралы бірнеше мақалалар ұсынылған болатын. Дайындық кезінде сол мақалаларды бір шолып шығуды ұсынамыз. Мысалы:
• Шет тілін қалай жылдам үйренуге болады? (Жолдас Өрісбай)
• 16 тіл білетін кісінің кеңестері (Әсел Асанова)
• Блогеріміз Айкүміс Жанибекеова Кореяда білім алып жүрген студентпен тілдескен екен. Оның кеңестерін "Корея: оқу жүйесі, корей тілін үйрену, саяхат..." атты жазбасынан біле аласыз.

Сәттілік тілейміз!