Қазақ тілді сайттар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Интернет-дода» атты байқаудың жеңімпаздары анықталып, Massaget.kz сайты бірінші орынды иемденді.
2013 жылдың қазан айында бастау алған бұл байқауға қатысуға мемлекеттік тілді насихаттап, жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген ғаламтор желілерінен 50-ден астам өтініш түскен. «Интернет-дода» барысында тек жастарға арналған мемлекеттік тілдегі, «.kz» домені бар веб сайттар ғана бақ сынады. Қатысушылардың санына шектеу қойылмады. Тек телеарна, радио, газеттер, мемлекеттік және шетелдік ұйымдардың сайттары байқауға қатыстырылған жоқ.
Білім министрлігі мен "Современный город" жастар ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып отырған байқаудың қазылар алқасына ҚР Парламент мүшелері, Үкімет және БАҚ өкілдері, филологтар мен жастар ұйымының белсенді мүшелері тағайындалған. Және төрешілер шешімі бойынша, «Массагет» (Massaget.kz) - 1 орын, «Айналайын» (Aynaline.kz) - 2 орын, ал «Сұрақ-жауап» (Szh.kz) - 3 орындарға ие болды. Жеңімпаздардан бөлек, жастарға арналған қазақ тілді сайттарды қолдау мақсатында 17 сайт жүлдегерлердің қатарына енді. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырылады.
Медетжан Ізғұтты, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
- Іріктеліп алынған сайттардың мазмұны, дизайны, грамматикасы, жаңартылуы, оқырмандарының саны, пікірлердің, суреттердің, фото-видео материалдардың сапасына үлкен мән берілді. Осы тұрғыда Massaget.kz барлық талаптарға сай келгендіктен бірінші орынға ие болды.
Байқау жеңімпаздарын бүгін, «Астаналық» бизнес орталығында кешкі сағат 17:00-де марапаттайтын болады.
Ал, біз өз кезегімізде, Massaget.kz қолданушыларын жеңіспен құттықтаймыз! Сайтымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүргендеріңізге көп рақмет! Және біз де сайттың әрі қарай қарыштап дами беруіне жұмыла жұмыс істеуге барымызды саламыз. Бұл жеңістердің алды болсын!
Сурет: kapital.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина