IELTS емтиханын тапсыруға арналған бірер кеңес

IELTS (the International English Language Testing System) – ағылшын тілінің барлық ауқымын қамтитын халықаралық сынақ тесті. Оған дайындықты қалай және қай бөлімінен бастау керек? Дайындықта қандай қателіктерді жібермеген жөн? Осы сынды сұрақтар кез келген дайындалушының көкейінде тұрары анық. ҚазҰУ доктаранты Ақнұр Жидебекқызы IELTS-қа  бір айдың көлемінде ғана дайындалып, жақсы деген бағалар алған. Осы кісінің тәжірибесімен таныса отырайық. Көмегі тиер. Ал, сәттілік!

Listening

Listening бойынша сізге өзіңізден басқа ешкім көмектесе алмайды. Егер күн сайын кем дегенде 30-40 минут бойы ағылшынша подкаст (podcast), жаңалықтар, радио немесе аудио-кітап тыңдайтын болсаңыз, 2 аптадан кейін-ақ оң өзгеріс байқайтыныңызға кепілдік беремін. Сондықтан, көшеде, автобуста, ыдыс жуып, үй жинағанда және т.б. кезде тыңдайтын сүйікті әуендеріңізді ағылшын тіліндегі аудио материалдарға ауыстыруға дайын болыңыз. Нәтижесі көңіліңізді қалдырмайды. 

Көбінесе адамдар ағылшын тіліндегі сериал немесе фильмдерді көруге ұмтылады. Дұрыс-ақ, бірақ келесі дүниелерді ескерген жөн:
1. Егер IELTS тапсыратын болсаңыз британдық немесе австралиялық туындыларды таңдаған жөн. Себебі Голливуд фильмдерінде америкалық акцент басым.
2. Басында субтитрмен көрген жөн. Бірақ ол тыңдаудан гөрі тез оқуға көбірек ұқсайды. Дегенмен, таныс емес сөзді жазып алып, бірден аудармасын қарап, жаттап алуға таптырмайтын дүние. 10-15 фильмнен соң субтитрсіз көруге дағдыланыңыз. 
3. YouTube-тан танымал BBC (Worldwide, Documentary) сияқты арналарға жазылып алсаңыз, жаңалықты сол жерден-ақ көруге болады. Артықшылығы – әлемнің түкпір-түкпірінен хабар тарататын журналистердің неше түрлі акценттерін ести аласыз. Шын өмірде барлығы English File кітаптарының дискіндегі ағай мен апай сияқты түсінікті әрі жай сөйлемейді…
4. BBC words in the news – керемет дүние! Аудио нұсқасымен қоса PDF форматтағы скрипт және күрделі сөздер мен сөз тіркестеріне түсіндірме беріледі.
5. Cambridge IELTS Collection кітаптарындағы Listening-ді жасап шығуға кеңес беремін, емтихан дәл сондай болады. 

Reading

Reading кезінде «мәтінді толық оқымай-ақ, бір қарап шығып сұрақтарға жауап беруге болады» немесе «сұрақтағы сөзді мәтіннен ізде» деген сияқты «ақылды кеңестер» шындыққа жанаспайды. Біріншіден, әр мәтінге орта есеппен берілетін 20 минут оны толық оқып шығуға да, сұрақтарына жауап беруге де жеткілікті. Екіншіден, Yes/No/Not given немесе True/False/Not given форматындағы сұрақтарға мәтінді мұқият оқымасаңыз қате жауап бере салу оп-оңай. 

Сондықтан дайындық барысында тестті үнемі (!) таймермен жасап, әр мәтінге 20 минут қана жұмсап үйреніңіз. Тест барысында 1 минут та артық берілмейді.
Reading-нен табысты нәтижеге жету сіздің сөздік қорыңыз бен мәтіндік ақпаратты жылдам қабылдап, қорыта алу қабілетіңізге тікелей байланысты. Ол үшін күнделікті жаңалықтарды ағылшын тіліндегі The Guardian, The Telegraph, Daily Mail сияқты үнқағаздардан оқуға кеңес беремін. Алғашында қиындау болатыны сөзсіз, бірақ өзіңізге қызықты бір саланы таңдап алып (экономика, саясат, спорт, танымал адамдардың өмірбаяны), соған қатысты жаңалықтарды оқи берсеңіз, уақыт өте келе дағды қалыптасады.

Басқа тілді үйренетін кейбір адамдардың ең басты қателігі – сөзді жекелей жаттау. Ол не есте қалмайды, қалса да қалай дұрыс қолдану керек екендігін түсінбейді. Сондықтан түсініксіз сөзді мәтіннің ішінде (контекстте) оқып, аударып, сөйлемді қайта оқитын болсаңыз мықтап есіңізде қалатынына сенімдімін. Және Reading-нен жақсы балл алу үшін мәтіндегі барлық сөзді білу міндетті емес, керісінше бұл бөлім сіздің таныс емес сөздері араласқан мәтіннің жалпы мағынасын түсіне білу қабілетіңізді тексеруге арналған. Ендеше, бір сөзді білмей жатсаңыз, уайымға салынбай, сөйлемді интуитивті түрде өзіңізге түсінікті қалыпта оқи беріңіз. 

Writing

Менің жазғандарымды оқып, мені бір IELTS-ті кездейсоқ тапсырған адамға ұқсатып отырған боларсыз. Бірақ жасыратыны жоқ, тестке 1 ай қалғанда дайындықты бастағанша ағылшын тілінде бірде-бір рет эссе жазып көрмеппін. Сондықтан 20 күннің 14 күнін тек қана Writing бөліміне арнадым. Дәл осы тұста Improve your «IELTS — Writing skills» деген кітап пен курстағы мұғалім көп көмектесті. Кітап бойынша тапсырмаларды өз бетінше орындап, жазған эсселерімді тексертіп отырдым. Сондықтан жазбаша тапсырмаға жақсылап дайындалу үшін білікті оқытушының көмегі керек-ақ. Егер сөздік қорыңыз орташа болса, бұл – 6.0-дан кем болмайтын балл жинауға мүмкіндік беретін тамаша кітап! Ғаламтордан жүктеп алып, қағазға шығарып алуға кеңес беремін. Сатып алудың қажеті жоқ, себебі баспаның жылтыр парақтарына қарағанда кәдімгі А4-ке шыққан кітапты жазып, сызып және шимайлап оқыған ыңғайлырақ.

Speaking

Speaking-нен небәрі 6.5 балл алғандықтан не істеу керек деместен, не істемеу керек екендігін жақсырақ айта алатын сияқтымын. Бұл жерде ең бастысы тәжірибе. Қазақтың «сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген мақалына тұра келіп тұр. Менің ең басты қателігім – бұл бөлімге дайындық ретінде отбасы, спорт, хобби, оқу, жұмыс, дәстүр, мәдениет және т.б. тақырыптарға ойша дайындалғанмен, оларды дауыстап айтпадым, бұл тақырыптарда сөйлемедім және ешкіммен талқыламадым. Сондықтан, Speaking тест басталғанда ағылшын тілінде сұрақтарға жауап беріп отырған Ақнұрдың дауысын есту мен үшін қызық әрі таңсық болып көрінді.
Кеңестер: 
— English club-тарға бару және белсенді болу;
— ұяңдықты жеңіп, қатемен болса да ағылшынша сөйлеп бастау;
— сіздің талпынысыңызды қолдайтын және өзі де ағылшынша сөйлеуді мақсат тұтқан әріптес табу;
— тіпті болмағанда өз-өзіңізбен сөйлесуге болады.
Тағы бір ескеретін нәрсе, Speaking лоторея сияқты, сіздің жақсы жауап беруіңіз дайындығыңыздан бөлек берілген тақырыпқа да байланысты. Кейбір таныстарыма «Әскери коммунизм жайлы пікірің қандай?» немесе «Қазақстандағы ең сүйікті заңың туралы айтып бер» деген сұрақтар келген. Тосыннан қойылған мұндай сауалдарға ағылшын тұрмақ, қазақша не айтарыңызды да білмей қалуыңыз ғажап емес… 

Пайдалы болған кітаптар: 

Cambridge IELTS Collection 5-7, Improve your IELTS — Writing Skills.

Телефонға, компьютерге арналған қосымшалар (application-дер) 

English Topics, IELTS Skills, Dictionary “Английский язык”, Google Translator – барлығын Google Play арқылы жүктеп алуға болады.

Мұны оқыған жанға қандай тілегің не тағы қосар кеңесің бар?

Ағылшын тілін білу қазір заман талабына айналып отыр. Еңбек нарығында ағылшынша бір сөз қолданбайтын ұйымдардың өзі жұмысқа аларда ағылшын тілінің деңгейін сұрап жатады. Алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсу үшін де ағылшын тілі қажет. Сондықтан жоғарыдағы сайттар мен жалпылама кеңестерді пайдаланып, ой, сөз, жоспардан нақты іс-әрекетке көшу керек. 
IELTS тапсыруға ниеттеніп жүрген барлық жандарға сәттілік тілеймін! Барынша жоғары балл жинауды мақсат етіңіз, азды қанағат етіп, маған осы да жетеді деген ой биіктерге жетелемейді.