GRE деген не?

Егер TOEFL айтарлықтай қиындық тудырмаса, GRE тесті АҚШ, Канада, Аустралия секілді елдердегі университеттерге түсуді қалайтындарға әлі де үлкен бір мәселе. Аталған емтихан шетел азаматтары мен ағылшын тілі ана тілі болып есептелетіндерге бірдей болып келеді. Бүгін осы емтиханды тапсырып және одан сүрінбей өтуді жоспарлайтындарға осы бір тесттің қыр-сырын толығырақ анықтауға болатын пайдалы ақпараттарды ұсынбақпыз.

GRE деген не?

GRE – АҚШ немесе басқа да елдердің жоғары оқу орнына, магистратураға, аспирантураға түсуге қажетті тест. GRE нәтижелері 5 жылға жарамды және көптеген оқу орындарына қабылданудың басты факторларының бірі болып саналады (тіпті кейбір университеттерде аталған тесттің нәтижелері болмаса, өтініш қабылданбай да жатады).

Қалай тапсыру керек?

Емтихан жалпы дайындықты бағалайтын Revised General Test пен белгілі бір мамандық немесе пән бойынша білімді тексеретін Subject Test-ке бөлінеді. General Revised Test-ті аптасына 1-2 рет өткізіп тұрады, ал Subject Test жылына тек үш-ақ рет болады – қазанда, қарашада және сәуірде. Әрбір тестті өтуге 90 доллар төлемақы жасау қажет.

GRE-ні тапсыру аясында тесттің нәтижелеріне байланысты университеттік бағдарлама табуға көмектесетін тегін іздеу қызметін қолдануға болады. Айта кетсек, GRE тестін тапсыратын орындардың барлығы дерлік видеокамерамен жабдықталған. Сондықтан көшіру туралы ешқандай әңгіме болмайды.

Жалпы тест нәтижелері тест тапсырғаннан кейін 10-15 күннен соң үміткердің электронды поштасына және тіркелу кезінде көрсеткен 4 жоғары оқу орнына жіберіледі. Пәндік тест бойынша нәтижелер 4-6 апта ішінде электронды поштамен жіберіледі.

General Revised Test

Тесттің бұл бөлімі ағылшын тілі мен математика бойынша негізгі білімді, аналитикалық түрде ойлау мен эссе жаза білу қабілеттілігін анықтайды. Емтихан бөлімі үш бөлімшеге бөлінген: Verbal Reasoning, Quantitative Reasoning және Analytical Writing.

Verbal бөлімі жылдам ойлау қабілетін, сөздік қорды және оқыған ақпаратты жүйелей білуді тексереді. Бұл бөлімнің басты мақсаты – материалды оқып шығу және оны талдау, содан соң берілген сұрақтарға жауап беру.

Математикалық бөлім үміткерден шағын математикалық есептердің шешімін табуын сұрайды. Осы секциядағы сұрақтарға сәтті жауап беру үшін талапкер алгебра, геометрия, ықтималдылық теориясы салаларынан хабардар болуы тиіс. 2012 жылдан бастап емтиханнның осы бөлімінде экранды есептеуішті пайдалануға рұқсат берілген.

Соңғы, аналитикалық бөлімде, екі эссе жазу қажет: Issue Task және Argument Task. Бірінші бөлімде қазіргі замандағы өзекті мәселе бойынша өз ойыңызды әдемі жеткізу керек. Екінші бөлімде болса, дәлелденген, талдаудан өткен эссе жазу қажет.

Сонымен қатар, тестке арнайы эксперименталды бөлім енгізілген. Оның нәтижелері жалпы бағаға әсер етпейді, бірақ емтиханды жасаушыларға алдағы GRE-ге сұрақтарды тестілеуден өткізуге көмектеседі. 2012 жылдан бастап тестте артқа оралып, өз жауаптарыңызды дұрыстауға болады.

Subject Test

GRE-нің пәндік тесттері талапкердің белгілі бір сала бойынша білімін тексеруге көмегін тигізеді. Тест 8 пән бойынша өтеді: биохимия, жасушалы, молекулалық биология, биология, химия, информатика, математика, физика, психология, әдебиет. Әрбір бөлімшенің өзіне тән құрылымы бар. Кейбір тесттерде талапкердің әлсіз әрі күшті жақтарын жете анықтауға көмектесетін жарты баллдық жүйе бар.

Балл қалай саналады?

Жалпы балл әр бөлімге жеке қойылған баллдан құралады. Verbal Section және Quantitative Reasoning бөлімдерінен 130-дан 170-ке дейінгі мөлшерде балл жинауға болады. Writing жеке бағаланады. Одан 6 баллға дейін алуға мүмкіндік бар. Қорытынды нәтижеге үміткерден төмен алған барлық тест тапсырушылардың пайызы ескерілетін қосымша баға да қосылады. Егер бір тапсырғаннан қажетті баллды жинай алмаған жағдайда, тестті қайта тапсыруға болады, бірақ бірінші мүмкіндіктен кемінде 60 күн өту қажет және 12 айда тек 5 рет тапсыруға болады.

General Test бойынша төмен көрсеткішке ие болып, бірақ Subject Test-тен жақсы нәтижеге қол жеткізгендерде екінші шанс бар: ағылшын тілін білу деңгейін көрсету үшін TOEFL тапсыруды сұрайды, ал ол өз кезегінде GRE-ден анағұрлым жеңіл.

Дайындалу үшін материалдарды қайдан жүктеу болады

Емтиханның ресми сайтын (https://www.ets.org/gre ) жіті оқып шыққан дұрыс – сайтта шынымен де пайдалы ақпараттар жетерлік.  Сонымен қатар аталған емтиханға толықтай арналған Интернет-ресурста бар: Facebook-те жеке парақшасы бар TakeTheGRE.com GRE жайлы жаңалықтармен және ресурстармен алмасып тұруға мүмкіндік береді.

Желіде GRE-ге дайындалуға қажетті оқу құралдары көп:

The Official Guide to the GRE revised General Test

ScoreItNow! Online Writing Practice

Barrons Educational Series

Cambridge educational services

AppStore арқылы арнайы мобильді қосымшаны да жүктеп алуға болады — The Oficial GRE Guide.

Кеңестер

Емтиханда ең бастысы эссе жазу мен математикаға қатты көңіл бөлу керек.

Эссені әдемі жазуды шаблон арқылы үйренуге болады. Сөздік қор, шығарма құрылымы мақтанарлықтай болғанымен, қатесіз, нақты, түсінікті болады. Шетелдіктер үміткерден дәл осыны күтеді.

Математиканы да кемеліне жеткізу қажет. Емтиханда математика есептері оңай болғанымен,  сөздерге, ойды тұжырымдауына, қате жауаптар логикасына біраз уақыт дағдыланып алу керек. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: almatycity.olx.kz