- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Blogcamp 2013 мәресіне...
Blogcamp 2013 мәресіне жетті
Кеше, 23 наурыз Шымкент қаласында Blogcamp 2013 басталды. Екі күнге созылатын шараның алғашқы күні М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің акт залында таңертең сағат 08.30-да блогшыларды тіркеуден басталды. Тіркеуге тұрған блогшылардың саны 152 адамды құрады. Сағат 09.30-да блогшылардың ресми кездесуі басталды.
ОҚО әкімі Асқар Мырзахметұлы сөз сөйлеп, қазақ блогшыларына сәттілік тіледі.
Сессиялар басталғанша ОҚО әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге, Керекинфо сайтының әкімгері, блогшы Аршат Оразовқа, "Bilim Media Group" жоба үйлестірушісі Бақытгүл Салықоваға және "Beeline" компаниясының өкілі Динара Мурзабаеваға кіріспе сөз берілді. Блогшыларға сәттілік тілеген Динара: "Жастардың бастаған әр ісіне компания атынан қолдау көрсетуге тырысамыз", - деп ықыласын білдірді.
Түскі үзіліске дейін бес сессияға созылған шеберлік шыңдау дәрісінде қазақ сайттарындағы веб-дизайн және функционал мәселесі, контент мәселесі, сайтпен ақша табу және блог жүргізудегі шетел тәжірбиесі мәселелері туралы кең түрде талқыланды.
Тыңдарман блогшылар да сұрақ қойып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Түскі үзілістен соң стартаптар конкурсы басталды. Стартаптар конкурсында түрлі сайттар таныстырылып, тың идеялар көтерілді. Жеңімпаздарға "Beeline" компаниясынан берілетін 100 000 теңгелік сыйлық ҚазҰУ студенті Амангелді Сейітханға дәстүрлі әндерді дәріптейтін Жауһар сайты үшін, Атырау облысының оқушысы Алтынай Серікбайға Талғам сайты үшін және Елдар Құдайбергеновке Tumble сайты үшін табысталды. Қалған төртінші және бесінші орын иегерлеріне "АppleSin" компаниясы тегін сайт жасап беретіндігін айтып уәде берді.
Кеш соңында құрылтайдың қорытындысы айтылып, шараға белсене ат салысқан блогшыларға алғыс хаттар табысталды. Отырар телеарнасы бірқатар белсенді блогшыларға кішігірім сыйлықтарын ұсынды. Солардың ішінде Массагет порталының редакторы Мейіргүл Оңғарова да бар.
Шара шымылдығын вице-министр Мұрат Әбенов пен ОҚО әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жапты. Әлі де блогқұрылтайдың жалғасатынын, шараның екінші күні бейресми түрде "Бәйшешек" демалыс орнында өтетіндігін айтты.
Еліміздің әр облысынан келген блогшылар мен шекара асып келген қонақтар шара соңында естелік үшін суретке түсті.
Сағат 19.00-де блогшыларға толы 4 автобус Шымкент қаласынан 50 км жерде орналасқан "Бәйшешек" демалыс орнына қарай тартты.
Блогшылар жатақханаға жайғасып болған соң кешкі ас ішіп, алау айнала отырып "Домбыра пати" ұйымдастырды.
24 наурыз күні спорттық ойындар басталып, ұлдар топ-топқа бөлініп, футбол ойнады.
Сайрам-Өгем ұлттық саябағына кіретін "Бәйшешек" демалыс орнының жоғары жағындағы тауға бет алды. Түстен кейін блогшылар Берік Уәлидің есебінен сыйланған 800 тал кәуабынан ауыз тиіп, бір-біріне "ұйқы ашар" мен "селт еткізер" сыйлап мәз-мейрам болды. Бұл шара да сыйлықсыз қалған жоқ. Кеш соңына таяған шақта ұйымдастырушылар блогшыларды қайта қалаға алып келді.
Биылғы құрылтайдың бұрынғысынан ерекшелігі жоқ та емес. Еліміздің әр облысынан тың идеялары мен жаңа жобаларын арқалап келген жастардың құлышынысы қуантты. Қазақ блогшыларының жазары көп болғай!
Шымкент қаласынан арнайы Массагет порталы үшін: Ақерке Әбілхан
Сурет: фэйсбук пен блогқұрылтайдың ресми сайтынан
Р. Роза