«Ақылды үйдің» қандай болатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Жағасы жайлау, омырауы төскей, төрт құбыласы тең адамнан бақытты кім бар екен бұл жалғанда, шіркін! Жақында Сеул қаласында «ақылды үйлер» қатарға қосылды.
Бұл үйде заманның озық технологиялары жұмылдырылған, барлық мүмкіндік толығымен қарастырылған. Таңертең ертемен-ерте тұрған адамға тоңазытқыштың өзі алдағы күннің жоспарын көрсетіп, қай азық-түліктің бітетінін алдын ала хабарлап тұрады. Бала екеш баланың өзі мұндай мүмкіндіктің аясында оқымай қайда барсын?!
Жоғарыда айтып кеткендей, бәрі-бәрісі ақылды. Тіпті, «ақылды терезе» деген ұғымды бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Ал сеулдіктер естіген былай тұрсын, көзбен көріп, қазіргі таңда пайдаланып та отыр. Бір ғана мысал, әлгі терезенің бір тетігін іске қоса қалған жағдайда бүкіл ұшақтар мен пойыздардың қай уақытта жүретінін, тәтті тағамдарға тапсырыс беру секілді міндеттемелер мен нұсқаулықтарды көре аласыз.
Қызық емес пе, кәрістердің ендігі шыққан сериалдарында терезенің алдында сүйіктісін ойлап тұрып билетке тапсырыс берген (терезе арқылы) жастарды көрсеңіз, еш таңғалмай-ақ қойыңыз?!
Айта кететін болсақ, сериал дегеннен шығып отыр, «ақылды үйде» тұрақты жұмыс істеп тұратын бейнекамера бар. Ол сіздің әр жүрген қадамыңыз бен істеген ісіңізді мұқият қадағалап отырады. Және теледидар арқылы өз отбасыңыздың шаттық пен қуанышқа толы өмірін үнемі көріп отыруға мүмкіндік тиеді.
Ең бірінші кезекте кәрістің ғалымдары жарап тұр. Үлкен мемлекетті мықты қылу үшін кішкентай мемлекеттен бастаған атаулы тұлғалардың ойға алған мақсаттары құптарлық-ақ.
«Әттең-ай, әттең!» деп кәріс үшін қайғырмасақ та, бағасы қымбат үй үшін қайғырайықшы. Алыстан алмай-ақ, жақында ашылған «Есентай молл» деген дүкенге кіріп бір нәрсе сатып алу әр қазақтың арманы болып тұр. Қалтасы қалың азғантай алматылықтар алып та жатыр. Бірақ, қиялға бай, қимылға аз қыр тұрмысы адамдарының қалталары көтере қоймас. Міне, сол сияқты кәрістердің бес пайызы ғана «ақылды үйге» иелік ете алмақ.
сурет:gadget-o.com; siin.cn
Дайындаған: Фараби Арыстанбек