Халықаралық ана тілі күні (International Mother Language Day) – 1999 жылдың 17 қарашасында болған ЮНЕСКО-ның басты конференциясының 30-сессиясындағы қаулысымен 2000 жылдан бастап әр жылдың ақпан айында тілдік және мәдени ерекшеліктер мен көптілділікті сақтау мақсатында бекітілген. Бұл күн 1952 жылдың 21 ақпанында шығыс Пәкістанның (1971 жылдан Бангладеш) Дакка қаласында (қазіргі Бангладештің астанасы) болған өздерінің ана тілі - бенгал тілін қорғау үшін елдегі ресми мемлекеттік тілдің бірі ретінде тануын талап еткен демонстрацияға қатысушы студенттерге қарсы қолданылған қатаң жазаға байланысты белгіленді. Бангладеште сол қанды оқиғаны еске алу күні ретінде аталып өтіледі.
«Не себептен ана тілге сондай көп мән беріп отырмыз? Себебі, тілдер қабылдау мен ойлаудың және қатынастың құралы болумен қатар, әлемге деген көзқарасымызды жеткізудің жолы, өткен мен бүгіннің және келер күннің арасындағы байланыс» - деген болатын 2003 жылдың 21 ақпанында ЮНЕСКО-ның бас директоры К.Мацуура.
Өз кезегінде, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2008 жылды Халықаралық тілдер жылы деп, ал 2010 жылды мәдени жақындасу жылы деп атады.
Тілдер рухани және материалдық құндылықтарымызды сақтаудың ең негізгі құралы. Мамандардың айтуы бойынша, тілдердің өмір сүруі үшін ол тілде кемінде 100 000 (жүз мың) адам сөйлеуі керек екен. ХХ ғасырдағыдай тілдердің өлуі бұрын-соңды болмаған. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы аз тұтынушылы тілдердің жойылуына негізгі себеп ретінде қарастырылады. ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, әлемнің шамамен 6000-ға жуық тілінің жартысы жуық арада өз тұтынушыларын жоғалтуы мүмкін. Халықаралық ана тілі күнін белгілеудің бір себебі ретінде осы жойылуға бет алған тілдерді сақтап қалу мәселесі де қарастырылған.
«Қазақтың халық тілінің қалыптасуы Қазақ халқының қалыптасу кезеңдерімен қатар жүріп отырған», - деп тіл тарихын зерттеген ғалым М.Т.Томанов айтқандай, ана тіліміздің қадіріне жетіп, дамып, өркендеуіне, келешекке кемел жетуіне өз үлесімізді қосайық...
Форумда талқылау
Сурет rrclassroom.wordpress.com сайтынан алынған