- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- 1917 жылғы Қазан...
1917 жылғы Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері 2-бөлім
Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды.
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп: “Желтоқсанның 5-нен 13-іне шейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария әнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті.
Өкінішке орай Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті.
Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,- дегенге сайды. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мәселен, Ақмола Кеңесі Мәскеуден келіссөздер жүргізу нәтижесінде орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сәйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайындала берсін”,- делінген.
Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпынысы нәтижесіз аяқталды. Большевиктер Алаш партиясына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын, пролетарлық революция жолындағы кедергі есебінде қарады.
Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: znamus.ru
Ж. FM