- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- 1917 жылғы Ақпан...
1917 жылғы Ақпан революциясы және оның Қазақстанға әсері 2-бөлім
Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топтарын біріктіріп, олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді. Съезд осы жылы мамыр айында Мәскеуде өткізуге тиіс болған Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.
1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-территориялық федеративті негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру мәселелері қаралды.
Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пайда бола бастады. Жұмысшы және солдаттарға қарағанда шаруа депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр және маусым айларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кезде эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің әлсіздігі мен аздығы, жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси жетілмегендігі, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінің төмендігі себеп болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда 25-тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуынан бастап Қазақстан Кеңестері, әсіресе, жұмысшы және шаруа депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты болды. Кеңестердің құрамына орыстар, қазақтар, украиндар, татарлар, ұйғырлар, өзбектер және басқа халықтардың өкілдері енді. Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар, ішінара татарлар кірді.
Орталық Азияда және Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16-21 сәуірде Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І өлкелік (Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады және Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны Түркістанға және басқа да ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд Құрылтай съезіне дайындалуға және «Шура-и Ислам» мұсылмандар партиясының бағдарламасын тануға шақырды.
Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұсылмандар қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сәуір) қалыптасқан «Шура-и Ислам» партиясының Шымкентте, Әулиеатада, Перовскіде, Қазалыда және басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға мұсылман дінінің православие дінімен тең құқықтылығы, діни шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының ашылуы, Мекеге қажылыққа баруға рұқсат ету және басқа да діни құқықтар мен бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері мен қатардағы мұсылмандар кірді.
Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде әлеуметтік-экономикалық және саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің үш түрі орнады: олар – Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару комитеттері және мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік сырт жағынан қарағанда жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді шешуге тырысты.
Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.
Тарихта "Алаш" партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мәселесі; халық милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін мәселесі; әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы және т. б. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ә.Бөкейханов қазақ ұлттық-территориялық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бүл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: "Қазақ облыстары территориялық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс" деп жазылды. Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында "Қазақ" газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж. Х. Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.
Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланып, шешімдер қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ съезі "Алаш" қазақ ұлттық саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы органы сайланды.
Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дәуірдегі Коммунистік партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде "ұлтшылдықтың", "буржуазияшылдықтың" ешқандай да белгісі болған емес. "Алаш" қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің толық тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: massaget.kz
Ж. FM