Ағылшын сленгтеріндегі есімдер

Ағылшын сленгтеріндегі есімдер
Фото: cbc.ca

Ағылшын тіліндегі сленг сөздерде Karen, Becky есімдері кездеседі. Бұл есімдердің заманауи поп-мәдениетке енуіне белгілі бір жағдайлар себеп болған. Атауларды қоғам ережесіне бағынбайтын, ақылға қонымсыз қылығы арқылы көзге түскен белгілі бір топ адамдарды сипаттау мақсатында қолданады. Мысалы, YouTube сізге дүкендерде шу шығарып, менеджерді шақыруды сұрап жатқан Karen видеоларының бірнешесін ұсынады. Бүгін сленгке айналған есімдерді ұсынамыз. 

Karen
Karen – заманауи ағылшын тіліндегі сленгте ең жиі кездесетін есім. Бұл есім 1950–1960-жылдары танымал болды, нәтижесінде 2010-жылдары орта жастағы әйелдердің басым бөлігі Карен есіміне ие болды. Karen орта жастағы америкалық ақ нәсілді әйелді сипаттау үшін көрсетеді: ол расист, өзгелерді әрдайым кемсітіп сөйлейді және кез келген жерде жанжал шығаруы әбден мүмкін. 

Аз жылдың ішінде Karen көптеген мем кейіпкеріне атанды. Сонымен қатар "We speak English in America" (Америкада ағылшынша сөйлейміз), "You don’t belong here" (Өз орныңды біл) деген тіркестерді қолданып сөйлейтін видео кейіпкерлеріне де осындай атау берді.

Becky
Becky – бұл да Кареннің екінші түрі, тек жасы бойынша әлдеқайда жас. Бұл есім атақты әнші Beyonce-нің "Sorry" атты әнінен кейін енген. Әнде "He better call Becky with the good hair" (Ол әдемі шаш үлгісі бар Беккиге қоңырау шалуы тиіс) деген тіркес бар. 

Каренге қарағанда Бекки айтарлықтай ызақор емес, бірақ өзшелерге қатысты өз төзімсіздігін анық көрсетеді. Атақты BBQ Becky видеосында саябақта демалып жатқан қара нәсілді отбасыны көріп бойжеткен полицияны шақырады. Сол арқылы оның расистік көзқарасын байқауға болады. 

Ол – тек расист қана емес, үстіртін ойлайтын, өзінің ерекшелігі жоқ, қоғам сіңірген образда өмір сүретін әйел образы.

Т. Есқали