Германия Көлігі мен экологиясы

Көлігі мен экологиясы
Германия сыртқа өнімдер шығару жөнінен дүние жүзінде 2-орын алады. Қазіргі заманғы Германияның экономикалық қуаты мен байлығының негізін өңдеуші өнеркәсіп құрайды. Оның көпшілік кәсіпорындары еуропалық ауыр индустрия орталықтарының бірі, елдің батысындағы Рурға шоғырланған. Тұрмыстық техникадан бастап зауыттық құрал- жабдықтарға дейінгі әр түрлі тауарлар өндіретін өңдеуші өнеркәсіп саласына елдегі жұмыс күшінің 25%-ы қамтылған.

Германия өнеркәсібінің жетекші салаларына қара және түсті металлургия, машина жасау, электрондық, химиялық және мұнай-химия кәсіпорындары жатады. Бұл өнеркәсіптік ел қоршаған ортаның ластануынан қатты зардап шегеді. Мысалы, Шварцвальдтағы бүкіл ормандардың жартысы дерлік қышқыл жауындармен зақымданған. Германия табиғатты қорғаумен байыпты түрде айналыса бастаған алғашқы батыс елдерінің бірі. Қазір "жасылдар" партиясының өкілдері герман парламенті — бундестагтегі көпшілік орынды иемденіп отыр. "Жасылдар" партиясы мен табиғат қорғау ұйымдарының қысымымен Германия қоршаған ортаның жағдайына бақылауды қатал қолға алып, атом электр станцияларын жаба бастады.

Германия құрғақтағы, су және әуе көлігінің тамаша жүйесіне ие. Тауарлар мен жолаушылардың көпшілігі автожолдар арқылы тасылады.

Германиядағы жолдардың жалпы ұзындыгы 650 000 км- ден астам (оның ішінде автострада жолдарының ұзындығы 11 400 км). Елдің көптеген ірі қалалары бір-бірімен 280 км caғ жылдамдықпен жүретін ICE ("Интерсити — Экспресс") пойыздары қатынайтын ұшқыр темір жолдар арқылы байланысқан. Ірі қалалардың арасындағы тұрақты авиарейстер бір сағаттан сәл астам уақытты алады.

Германияның ірі теңіз-сауда флоты бар. Бұл флоттың кемелері Бремен және елдің төртінші ірі қалалық агломерациясы әрі негізгі теңіз және өзен порты — Гамбург сияқты порттардан әр түрлі бағыттарға аттанады.[5]